20:21, 13 Қыркүйек 2022 | GMT +5
Қазақстандық теннисші Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Бейбіт Жукаев Ыстанбұл челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 357-ракеткасы, Ақтау теннис мектебінің түлегі негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған болатын.
Бейбіт алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 1538-орында тұрған түркиялық Аксу Ченгизбен шеберлік байқасты.
Қазақстандық спортшы бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бейбіт Жукаев 5 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Б.Жукаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 234-ракеткасы, испаниялық Николас Альварес Варонамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстан Нидерланды командасымен кездесетінін жазған болатынбыз.