Қазақстандық тұңғыш мистикалық триллер жанрындағы «Адасқандар» фильмі экранға шығады

АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бұған дейін «Рэкетир», «Ағайындылар» фильмдерімен танымал болған белгілі режиссер Ақан Сатаевтың мистикалық триллер жанрында түсірілген «Адасқандар» фильмі бүгіннен бастап отандық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.
None
None

 Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында фильмді түсіруші топ өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фильм режиссерінің айтуынша, «Адасқандарда» басты кейіпкердің әйелімен және кішкентай ұлымен бірге адасып, далада қалған кездегі бастан кешкен оқиғалары өзек етілген.Жол таппай, машинада түнеуге мәжбүр болған отағасы таңертең әйелі мен баласының жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін көреді.Оларды іздеп шыққан отағасы бір қария мен жас қыз тұрып жатқан қоржын тамға тап болады.Кейіпкерге сол үйдің тұрғындары мұның отбасы туралы білетін сияқты болып көрінеді.Бірақ оны не себепті жасырып отырғанын түсінбей дал болады.

Ақан Сатаевтың айтуынша, фильм 2008 жылдың күзінде Алматы облысында түсірілген. Фильмдегі басты рөлдерді Ресейдің «Штрафбат», «Курсанты» сынды фильмдерінде ойнаған Андрей Мерзликин, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази, Айғаным Садықова, Алма Рулас, Ілияс Садыров сынды актерлер сомдаған.Музыкасын белгілі композитор Ринат Ғайсин жазған. Сценарийдің авторы Тимур Жақсылық.

Ақан Сатаев фильмнің Қазақстанда ғана емес Ресей мен Еуропада прокатқа шығатынын айтады.Бұл шұаруамен қазақстандық «Киномакс» компаниясы айналыспақшы.Бюджеті 1 миллион доллар фильмнің бүгін Алматыда тұсаукесер рәсімі өтеді.

Соңғы жаңалықтар