Қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісі бүкіл әлемде сенім тудыруда - ҚР Мәдениет министрі

Бұл туралы бүгін Алматыда «Мәдениеттердің үндесуі арқылы бейбітшілік пен келісімге» деген тақырыпта өтіп жатқан этномәдени бірлестіктердің халықаралық форумында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстан мемлекетінің саясаты еліміздегі дінаралық және мәдениетаралық сұхбатқа негізделген. Бірлік пен татулықта 130-дан аса ұлт өкілдері бір шаңырақта өмір сүріп жатқандығымыз, бірге өмір сүре білудің үлгісіне айналды. Тәуелсіз ел болғалы бері этносаралық қатынас саласында заң жетілдірілді. Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде ол - дінаралық толеранттық пен ұлтаралық келісімнің сақталуына өзінің маңызды үлесін қосып отыр", деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, Қазақстанның келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығын, батыс пен шығыс елдері арасындағы диалог ретінде қарауға болады. "Біздің әлемдік саясат және толеранттық халықаралық қоғамдастықта кеңінен белгілі. Бүгінде ұлтаралық келісім үлгісі бүкіл әлемде сенім тудыруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған жұмыстары арқасында көп ұлтты мемлекетімізде бейбітшілік пен достастықты нығайтуда көптеген кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы қадамда Ел бірлігі доктринасы қабылданды. Қазір Үкімет оны іске асыруда шара жоспарларын бекітіп те қойды», деді Мәдениет министрі.