Қазақстандық ватерполшылар әлем чемпионатында Канада құрамасын жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ватерполшылар әлем чемпионатында Канаданың құрама командасын жеңді, деп хабарлайды ҚР су спорты түрлерінің федерациясы.
Будапештте FINA әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Судағы поло бойынша ҚР ерлер командасы екінші турдың топтық кезеңінде 10:9 есебімен, ойынның соңғы ширегінде қарсыластарының қақпасына үш гол соғып, Канада құрамасын жеңді.
Ерлер.
Судағы поло. А тобы.
Қазақстан-Канада -10:9 (2:2; 3:3; 2:3; 3:1).
Енді қазақстандықтар Черногория командасымен кездеседі. Ойын 21 шілде күні өтеді.
Сонымен қатар, Балатон көлінде ашық судағы жүзу бойынша 5 км қашықтыққа жүзу жарысы өтіп, онда Ксения Романчук пен Нина Рахимова 30 (1:02:00.30, +02:53.30) және 54 (1:09:28.70, +10:21.70) есебімен мәреден өтті.
Бүгін, 20 шілде күні Екатерина және Александра Немичтердің қатысуымен мәнерлеп жүзуден ерікті бағдарламаның ақтық кезеңі болады. Бір күн бұрын қыздар он екі әлемдік біріншілік көшбасшыларын артқа тастап, финалға өткен болатын.
Ашық суда жүзу кезеңі 5 км қашықтыққа командалық эстафета түрінде өтіп, оған Виталий Худяков, Лев Черепанов, Нина Рахимова және Ксения Романчук қатысады. Бұл қашықтықтағы ашық суда жүзу бойынша жақсы көрсеткіш әзірге Виталий Худяковтың еншісінде - 54:48.10 көрсеткішімен 9 орын.
Бұдан өзге, ватерполшы әйелдер командасы Ресей құрама командасымен ойнайды.