Қазақстандық «Википедия» порталында орналастырылған мақалалардың саны 78 мыңға жетті

Бұл туралы бүгін «Қазақстанда «электрондық үкіметті» дамыту» халықаралық конференциясында «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ Жобалау орталығының жетекшісі Айбол Қуандықов мәлім етті.
А.Қуандықов атап көрсеткендей, интернеттің қазақстандық сегментін дамыту бағытында қазақ тілді ресурстарды арттыру жұмыстары жүргізілуде.
«Мәселен, «Википедиямен» бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, порталдағы мақалалардың саны бүгінде 78 мыңға жетті. Сондай-ақ, электронды коммерцияны дамыту үшін кәсіпкерлердің визиткасы болып табылатын сайттар көптеп ашылуда. Мемлекеттік тілдегі 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралының дербес сайттары бар. Қазақ тілдегі агрегатор - «BAQ.kz» порталы іске қосылды. Бүгінде онда 50-ден астам айдар ашылды. Интернет телеарналарды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде», - деді ол.
Сондай-ақ Қуандықовтың айтуынша, Қазақстанда электронды коммерцияны дамыту бағытында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Мәселен, «Электрондық ақша туралы» ҚР Заңы қабылданды. «Электрондық сауда туралы» заң жобасы қаралу үстінде. «Қазпошта» Ұлттық компаниясы интернет-дүкендер үшін жеңілдікті тарифтер енгізді. Алдағы уақытта мобильді төлем жүйесін іске қосу және электронды коммерцияны шағын және орта бизнес өкілдерінің арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.