Қазақстандық волейболшылар ҚР Президенті Кубогы мен IV Азия Кубогы турнирінің қола жүлдегері атанды

Бүгін Алматы қаласының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен халықаралық турнирдің соңғы күні Қазақстан құрама командасы өзінің соңғы ойынын тәжірибелі Иран құрама командасымен өткізді. Ойын бастала салысымен қазақстандық волейболшылар тізгінді өз қолдарында мықтап ұстап, сенімді жарыс өрнегін көрсетті. Командалар әр доп үшін жан салып күресті. Алғашқы партияның соңына үзеңгі қағыстыра жеткен екі команда барын салды. Дегенмен, отандастарымыз салқынқандылықпен ойнап, 25:23 есебімен жеңіске жетті. Өкінішке қарай, екінші партияда қазақстандық волейболшылар босаңдыққа бой алдырып, жиі қателесті. Мұны ұтымды пайдаланған қарсыластар сетті 25:17 есебімен аяқтады. Бірақ үшінші партияда волейболшыларымыз түрленіп сала берді. Спорт сарайын басына көтере «Қазақстан, Қазақстан» деп айқайлап, қызу қолдау көрсеткен жанкүйерлерді жерге қаратпауға тырысқан Андрей Патраковтың шәкірттері үйлесімді ойнай білді. Қателіктерге бой алдырмай, жойқын шабуылдарға көшті. Әсіресе, блок қою жағынан қазақстандықтар алдарына жан салмады. Сәйкесінше, үшінші партияда Қазақстан құрама командасы 25:19 есебімен алға шықты. Көп ұзамай есеп айырмасы 5 ұпайға жетті. Осының салдарынан ұнжырғысы түскен ирандықтар қателіктерге жиі бой алдыра бастады. Ал жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған отандастарымыз сол алған екпіндерімен үшінші партияны 25:16 есебімен өз пайдаларына шешіп, турнирдің қола жүлдегері атанды. Қорытынды есеп - 3:1. «Волейболдан Қазақстан құрама командасы соңғы 4 жыл ішінде мұндай жетістікке қол жеткізген емес. Бүгінгі тамаша жеңіс енді жаңа жол ашады. Халықаралық волейбол федерациясына хат жолдап, алдағы жылы Халықаралық Ұлттық Лига ойындарына қатысуға өтінім береміз», - деді Қазақстанның волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев. Естеріңізге сала кейтейк, Иран құрама командасының Азия чемпионаты мен Азия Кубогының бірнеше дүркін чемпионы. Ирандықтар соңғы екі Азия чемпионатын қатарынан жеңіп алған. Бірнеше минуттардан кейін аталмыш турнирдің ақтық сынында Үндістан құрама командасы мен Оңтүстік Корея командалары кездеседі. Кеше үндістандықтар осы турнирдің көркіне айналған асқан шиеліністі ойында ирандықтардан басым түскен болатын. Ал қазақстандықтар өз кезегінде оңтүстіккореялықтарға есе жіберіп алған еді. Финалдық кездесу әдеттегідей Балуан Шолақ атындағы сорт сарайында өтеді.