16:51, 03 Қыркүйек 2022 | GMT +5
Қазақстандық жас каноэшы әлем чемпионатында екінші медальді жеңіп алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық Мария Бровкова каноэдан жастар арасында Мажарстанның Сегед қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спортшының анасы әрі жеке бапкері Елена Бровкова мәлім еткеніндей, Мария 18 жасқа дейінгілер арасында бұл жолы 500 метр қашықтықта бір адамдық каноэда қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық спортшы қытайлық және мажарстандық каноэшыдан кейін мәре сызығын үшінші болып қиып өтті.
Осылайша, Мария Бровкова әлем чемпионатында екінші медаліне қол жеткізді. Ол кеше Қазақстан тарихында тұңғыш рет қыздар арасында әлем чемпионы атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық спортшының жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.