22:28, 19 Ақпан 2016 | GMT +5
Қазақстандық жас өнерпаз Эстонияда өткен халықаралық байқауда үздік шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Эстония Республикасының Таллин қаласында өткен Халықаралық ашық ІІ «Soprus» балалар мен жасөспірімдер фестиваль-байқауында 14 жасар өнерпаз Карина Нажмеддинова I орынға ие болды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Фестиваль-байқауда облыстық опера және балет театрының солисті Алексей Скибин қазылар алқасының құрамында болды.
Халықаралық байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 50-ге тарта үміткер қатысты.
Айта кеткен жөн, жеңімпаз жерлесіміз Карина Шымкенттегі №1 Жамал Омарова атындағы саз мектебінің шәкірті.
Өткен жылы жас вокалшы жыл сайын Шымкент қаласында өтетін дәстүрлі XVІІІ қазақ романс орындаушыларының ашық аймақтық байқауының «Балалар романсиадасында» бас жүлдені жеңіп алған болатын.
А.Скибин мен К.Нажмеддинова Таллин, Маарду және Тарту қалаларында өткен концерттік бағдарламаларға қатысып, қазақтың классикалық әндерімен эстондық тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.