Қазақстандық жас орындаушылар Мәскеу сахнасында өнер көрсетті

МӘСКЕУ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеу мемлекеттік эстрада театрында Қазақстанның жас эстрада орындаушылырының мерекелік концерті өтті.
None
None

Онда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері көпшілікке таңдаулы эстрадалық әндерді, әзіл-сықақ шоу бағдарламасын, сондай-ақ спорттық-бал билерін ұсынды. Концертті Қазақстан мен Ресей мәдениет министрліктері, ҚР Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ ҚР-ның РФ-дағы Елшілігі ұйымдастырды.

Аталған жоғары оқу орнының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған. «Бүгінде бұл концертке тәуелсіздік құрдастары - біздің академияның студенттері қатысқаны қуанышты, - деп атап өтті ол. - Осы сахнада өнер көрсеткен жастар үшін бүгінгі кеш үлкен өнер әлеміне елеулі қадам болмақ».

Концерттің ашылуында сөз алған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков және РФ мәдениет министрінің орынбасары Андрей Бусыгин Қазақстан мен Ресейді тату көршілік қатынастар ғана емес, екі халықтың мәдениет саласындағы тарихи тағдырлары да байланыстырып отырғанын атап көрсетті.

Концерт Ресейде тұратын қазақ жұртшылығымен қатар жас таланттардың дебюті мәскеулік талғампаз көрермендердің де зор ризашылығын туғызды.

Соңғы жаңалықтар