Қазақстандық жас теннисші елордада халықаралық турнирдің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бейбіт Жукаев елордада өтіп жатқан ITF World Tennis Tour - M25 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Б.Жукаев екінші айналымда осы доданың 4-ракеткасы, аустралиялық Джейсон Кублермен кездесті.

Ақтау теннис мектебінің түлегі, 20 жастағы Бейбіт Жукаев 1:6, 7:6 (11:9), 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Үш сағат 32 минутқа созылған аса тартысты матчта Бейбіт 11 эйс, 2 брейк жасады. Қарсыласы, 28 жастағы Д.Кублер 6 эйс, 4 брейкке қол жеткізді.

«Тәжірибелі теннисшіні жеңгеніме қуаныштымын. Бүгін ауа райы қолайлы болмай, күшті жел кедергі жасады. Екінші партияда соған бейімделіп, допты жақсы бере алдым. Джейсон да керемет ойнады. Дегенмен өз жоспарымды аяғына дейін жүзеге асыра білдім», деді Б.Жукаев.

Қазақстандық теннисші жартылай финалға шығу үшін ресейлік Петр Бирюковпен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зара Дәркеннің Париждегі турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар