Қазақстандық жас теннисшілер Астанада өткен турнирдің чемпионы атанды

Қыздар арасында қазақстандық Ульяна Романова жекелей сында үздік шықты.
У.Романова финалда ресейлік Ксения Крупенинаны 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Жұптық сында Әдемі Аманкелді мен Сати Әубәкірова ресейліктер Кристина Белкова – К.Крупенинадан айласын асырып, чемпион атанды – 6:2, 6:3.
Ұлдардан Ілияс Маратұлы абсолютті жеңімпаз болды. Ол жекелей сында командаласы Кирилл Колгановтан басым түсті – 6:4, 6:3. Ал жұптық сында тағы бір қазақстандық Илья Ведмедьпен бірге соңғы бәсекеде отандастары К.Колганов – Виталий Зацепинді жеңді – 1:6, 6:1, 10:2.
Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында аяқталған ITF World Tennis Tour W15 жарысында Аружан Сағындықова мен Жанель Рүстемова жұптық сында финалға дейін жетті. Олар шешуші бәсекеде доданың бірінші ракеткалары, қытайлық Тайбэй өкілдері Сунь Чо – Цен Чоға ғана есе жіберді – 1:6, 0:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Мысырдағы турнирдің финалына өткенін жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz