Қазақстандық жас теннисшілер Минскідегі халықаралық турнирде жүлдегер атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Әмір Омарханов пен Зара Дәркен жұптық сында 13-19 наурыз аралығында Минскіде «Tennis Europe Junior Tour» сериясы бойынша жаөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жас теннисшілер Минскідегі халықаралық турнирде жүлдегер атанды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жарысқа Беларусь қана емес, сондай-ақ басқа да көптеген елдерден 14 жас және одан кіші спортшылар қатысты.

Ә.Омарханов Беларусь өкілі Руслан Костюкевичпен бірге алғашқы кездесулерінде турнирдің 2-ракеткалары, ресейліктер Егор Горин мен Илья Мальцевті 6:3, 0:6, 10:7 есебімен тізе бүктіріп, айды аспанға шығарды. Ширек финалда армениялық Микаэл Аванесян мен белоруссиялық Станислав Бульбянковты 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Жартылай финалда Ә.Омарханов пен Р.Костюкевич чехиялық Жозеф Седлар мен ресейлік Максим Власовты жолдан тайдырды – 6:7 (5), 6:2, 10:5. Тек финалда ғана доданың 1-ракеткалары, ресейліктер Тимофей Дерепаско мен Егор Плешивцевке 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді.

Қыздар арасында германиялық Анастасия Нестеровичпен жұп құрған З.Дәркен де финалға дейін жетті.

Қазақстандық-германиялық жұп әуелі украиналық Стефания Пушкарь мен қазақстандық Софья Исакованы жеңді – 6:3, 7:5. Ширек финалда жарыста 4-ракетка болып тіркелген ресейліктер Анастасия Рожкова мен Анна Снегиревадан басым түсті – 6:4, 6:2. Жартылай финалда қарсыластары кортқа шықпағандықтан, соңғы сынға жолдама алған З.Дәркен мен А.Нестерович финалда турнирдің 1-ракеткалары, ресейліктер Дарья Бочкова мен Ксения Смирноваға тартысты матчта 5:7, 4:6 есебімен жол берді.

Осылайша Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Ә.Омарханов пен З.Дәркен халықаралық турнирде екінші жүлдеге ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ турнирінде 6 қазақстандық бақ сынайтынын, қазақстандық жұптың Анталия турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

.