Қазақстандық жастар жұмыс істегісі келмейді - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саяси ғылымдар кандидаты Талғат Қалиев Қазақстан жастары арасындағы бірқатар түйіткілдерді айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Атап айтқанда, зерттеулерге негізделген басты мәселелердің бірі - қазақстандық жастардың жұмысқа, тұтас өмірге деген көзқарасы.

«Елімізде қоғамнан шеттеп қалған немесе маргиналды жастардың  9% бар, олар әлемде бар және оның саны артып келеді. Бірақ біздің маргиналды жастарымыздың түсінігі батысқа қарағанда өзгеше. Батыста бұл саналы түрде таңдалған жол, наразылық білдірудің бір түрі. Ал біздің елдің маргиналдары жұмыс істеудің қажеті жоқ деп санайды. Неге? Себебі, бұл мәселені ата-анасы шешу керек деп ойлайды. Жастардың көпшілігі жұмыстың жоқтығынан емес, жұмыстың абыройлы болмауынан сенделіп жүр. Барлығы еңбек жолын даяшы болып бастаудан қашады, бірден «креслоға» жайғасқысы келеді. Батыста жоғары білімі бар адамдар кез келген жұмысты атқарудан қымсынбайды, себебі оларға күн көру керек, туыстарынан көмек жоқ. Ал біздің жастар диванда шалқайып жата алады», - дейді Талғат Қалиев.

Сонымен бірге, ҒЗИ басшысы жастардың тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін емес деп ойлайтынын, бұл түсініктің қалыптасуын жастардың үлкен өмірге қадам басқысы келмеуімен түсіндірді.

«Қазақстан жастарының 60% астамы мемлекет материалдық көмек беруі тиіс деп ойлайды. 92% жастар тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін емес деп есептейді және өздігімен жұмысқа орналасуға ұмтылмайды да. Менің көптеген достарым кадр іздеп жүреді, менің өзімнен бірнеше рет жас мамандар тауып беруді сұрады. Демек, кадр тапшылығы барлық жерде сезіліп отыр. Ал жастар тамыр-танысы жетектеп апарып, жұмысқа орналастыратынын күтіп жүр. Бәлкім, бұл таптаурын ұғым жастардың есейгісі келмеуінен туындаған шығар», - дейді ол.

Талғат Қалиев өзіне жеткілікті түрде көңіл бөлінбеген жастардың радикалды әрекеттерге баратынын және оларға материалдық көмектен бұрын рухани қолдау білдірудің маңызы зор екенін атап өтті.

«Жастар ішкі күйзеліске жиі ұшырайды және өз жолын адаспай табуға мұқтаж. Кәсіби тұрғыда белгілі бір деңгейге қол жеткізіп, қоғамдағы өз орнын тапқанда ғана адам өзіне сенімді және байсалды  болады.  Жастар өзіне назар аударылмағандықтан радикалды, тіпті экстремалды идеялармен айналыса бастайды, олар моральды-психологиялық қолдауға аса мұқтаж. Кей кездері ақшадан бұрын дәл осындай қолдаулар ауадай қажет», - деп түйіндеді өз сөзін сарапшы.

Соңғы жаңалықтар