Қазақстандық жолаушылар әуе жүк тасымалының тарифтеріне наразы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Air Astana әуе компаниясы жолаушының жол жүгін тасымалдауға қатысты шағымына жауап берді. Әуе компаниясы таратқан ақпарат бойынша, оларда жүктерді (багаж) жеке тасымалдау жүйесі қалыптасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Хәкім Сабыров «Астана, похвалить/пожаловаться» тобында жолжүгін тасымалдауға наразы болып, өкілетті органдардан Air Astana әуе компаниясы әрекетінің заңдылығын тексеруді сұраған.

«Бүгін, 17.08.2020 күні сағат 19:05-те менің балаларым КС855 рейсімен Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшу керек болатын. Өздерімен, әдеттегідей, Алматының алмасы мен жемісін әкетпек болған. Билетте 23 кг-ға дейін жүк тасымалдауға рұқсат етілгені көрсетілген. Ал олар жүкті тапсырып жатқан кезде шектеу бар екенін мәлімдеген. Бұл шектеулер кіші қаріппен төменгі жағында жазылған. Ескі еврейлік алдау жүйесі. Оларға тіркеу кезінде Air Astana қызметкерлері әр адамға бір жүктен тиесілі болу үшін қорап пен чемодандарды өз өкілдерінен 2000 теңгеге оратып алуды ұсынған. Яғни, тағы 6000 теңге төлеу керек. Соңында әуежайға дейін шығарып салған туыстарды қайта шақырып, жеміс салынған қораптарды тастап кетуге мәжбүр болды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі монополияларды реттеу агенттігінен осындай алаяқтық жүйенің көшбасшысы саналатын Air Astana компаниясы әрекетінің заң жүзінде дұрыс-бұрыстығын тексеруді сұраймын», делінген Хәкім Сабыровтың жазбасында.

Әуе компаниясы жолаушының шағымына жауап берді. Air Astana өкілі Жанна Бадаубаева әуе компаниясында жүкті жекелеп тасымалдау жүйесі бар екенін түсіндірді. Ережеге сәйкес, бір жолаушы 23 келіден артық жүк тасымалдай алмайды.

«Әуе компаниясының қызметкерлері нұсқаулыққа сәйкес әрекет еткен. Егер сіздің бірнеше қорабыңыз болса – бәрін бір сөмкеге немесе чемоданға салуыңыз қажет. Егер көлемі нормаларға сай келсе жүкті біріктіруге рұқсат етіледі. Бұл жүгіңізді бортқа тиеу және тасымалдауға қолайлы болу үшін және тасымалдау кезінде жоғалып кетпеу үшін қажет. Сонымен қатар, коронавирус індетімен күрес аясында қол жүгі шектелген болатын. Сол себепті қолға тек әйелдер сөмкесі мен құнды заттарды алуға ғана рұқсат бар», - деп түсіндірді әуе компаниясының өкілі.

Сонымен қатар, әуе компаниясының баспасөз қызметі жүктің салмағы нормадан асып кеткенде тарифтің қалай өзгергенін айтып берді.

«Салмағы асып кеткен жүктің бағасы бағыт пен төлем жасау уақытына байланысты. Мәселен, Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы қосымша жүк жеңілдікпен 7 мың теңге тұрады, ал егер ұшуыңызға бір тәуліктен аз уақыт қалса – 10 мың теңге. Егер жолаушының жүгі нормадан асып кетсе оған қосымша орынға төлей салған тиімді, бірақ оның бағасы жеңілдіксіз 10 мың теңге болады. Егер салмағы асып кеткен жүкке бөлек төлейтін болса жүйе оған 17 мың теңге есептеп береді. 10 мың теңгесі орынға және 7 мың теңгесі асып кеткен жүкке. Себебі бізде жүкті жекелеп тасымалдау жүйесі қалыптасқан. Сол себепті жолаушыларға артық келіні қолға алуды ұсынады», - деп түсіндірді баспасөз қызметінің өкілдері.

Әуе компаниясы былтырдан бастап жүк тасымалдау ережесінің өзгергенін еске салды.

Багаждың тегін нормасы Piece concept халықаралық жүйесі бойынша жүктің алатын орындар санына қарай есептеледі. Бұрын тасымалданатын багаждың салмағын есептеу Weight concept жүйесі бойынша жүргізілетін. Бұл тәжірибені халықаралық тасымалдаушылар кеңінен қолданады.

2019 жылдың 7 тамызынан бастап таңдаған тарифке байланысты жолаушылар өздерімен бір немесе екі сөмке алып жүреді. Бір сөмкенің максималды салмағы эконом-класста 23 кг және бизнес-класста 32 кг. Егер сізге көбірек жүкті тасымалдау керек болса ұшардан кем дегенде 24 сағат бұрын 30% жеңілдікпен орын сатып ала аласыз.

Автор: Арайлым Мұрат


Соңғы жаңалықтар