Қазақстандық ЖОО-ларда мамандар үздік шетелдік медициналық мектептермен бірлесе дайындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық медициналық ЖОО-ларда мамандарды үздік шетелдік медициналық мектептермен бірлесе отырып дайындайтын болады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
None
None

Министр Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының аясында медициналық білім беруді жаңғыртуға баса назар аударылатынын хабарлады.

«Медициналық білім беруді жетілдіру үздік шетелдік медициналық стандарттарды трансферттеу негізінде іске асырылатын болады. Осы мақсатта қазақстандық медициналық ЖОО мен шетелдік медициналық мектептер арасында тығыз байланыс ұйымдастырылады», - деді Тамара Дүйсенова.

Министр отандық медициналық ЖОО-лардың ықтимал стратегиялық әріптестері ретінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия және басқа да елдердің медициналық мектептері қарастырылатынын мәлімдеді.

Үздік шетелдік ЖОО қатарынан стратегиялық әріптесі анықталатын алғашқы отандық ЖОО - С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті болмақ. Бастапқы кезеңде-ақ ҚазҰМУ басқару шетелдік әріптестермен бірге жүзеге асырылатын болады, одан кейін кезең-кезеңімен университетті сенімгер басқару түріне беріледі.

Медициналық білім беруді жетілдіру аясында талапкерлерді арнайы тест көмегімен таңдау тәсілдері жаңғыртылып, дәрігерлер мен резиденттерді базалық дайындаудың жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі. Сонымен қатар, профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуеті арттырылып, білім беру, ғылыми қызмет және медицинаның тәжірибе үдерістерін біріктіретін университеттік емханалар құрылады.

Соңғы жаңалықтар