Қазақстандықтар 30 күн күтпей елге орала ала ма – ҰҚК жауабы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҰҚК Шекаралық қызметі қазақстандықтардың 30 күндік мерзімді күтпей елге орала алатынын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік шекара арқылы кез келген бақылау-өткізу бекеті арқылы елге орала алады. Ал шетел азаматтары үшін Қазақстанға кіру жағынан шектеу бар. Бұл шектеулер эпидемиологиялық ахуалға байланысты енгізілген», - деп түсіндірді подполковник Әміре Мұлуашев.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі азаматтарға пандемия кезінде шекарадан өту ережелерін түсіндірді. Осылайша, Қазақстан Республикасының азаматтары кез-келген мақсаттағы сапармен Қазақстаннан 30 күнде бір рет шетелге кете алады. Елден шығу кезінде жиілік анықталады. Елге оралғаннан кейін келесі сапар Қазақстан Республикасына келген күннен бастап 30 күн өткен соң ғана мүмкін болады.
Бұған дейін онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі ведомствоаралық комиссияда 2 ақпанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту тәртібіне өзгерістер енгізгенін мәлімдеген болатын.