Қазақстандықтар қысқы Универсиада тарихында қай спорт түрінен ең көп медаль еншіледі
Төрткіл дүние көз тігіп, әлемнің ең мықты студенттерінің басы қосылатын доданың дүбірі жақындаған сайын әсем шаһар Алматы тұрғындары өз елінде өтетін басты доданың тұсауы кесілетін күнді тағатсыздана күтіп жүргені анық.
Қазірдің өзінде Универсиадаға 60-қа жуық мемлекет қатысуға өтініш бергені мәлім. Универсиадаға 17-28 жас аралығындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер мен магистранттардан құралған 2 мыңнан аса спортшы бақ сынайды деп күтілуде.
Енді, осыған дейін Қазақстан студенттері қысқы Универсиада ойындарында қанша медаль жеңіп алғаны туралы еске сала кетейік. Еліміз қысқы Универсиадаларға 1993 жылдан бері қатыса бастады. Сол уақыттан 2015 жылға дейін жерлестеріміз жалпы 44 медаль еншіледі. Оның 18-і - алтын, 13-і - күміс, 13-і қола медальдар.
Қазақстан командасы Универсиада ойындарында ең көп медальді шаңғы спортынан еншілеген. Спорттың бұл түрінен 12 алтын, 8 күміс, 10 қола иеленсе, фристайлдан 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған. Ал шайбалы хоккейден 1 алтын, 3 күміс, 1 қола, биатлоннан 1 алтын, 1 күміс және мәнерлеп сырғанау спортынан 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, XXVIII қысқы Дүниежүзілік студенттер ойыны 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда өтеді. Алау эстафетасы 25 қаңтарда Астана қаласынан бастау алады. Сонымен қатар бұл рәсім барлық облыс орталықтарында өз жалғасын табады. Атап айтсақ, алқызыл алау 26 қаңтарда - Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағандыда; 27 қаңтарда - Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтауда; 28 қаңтарда - Қызылорда, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларында тұтанады. 29 қаңтарда алау Алматыға жетеді.