Қазақстандықтар неге көп ажырасады?

Нәтижеміз - тәп-тәуір әрі «тәубе!» дегізерлік. Ең алдымен, халқымыздың санының 17 миллионға жетуіне қол созым жер қалған көрінеді: 2013 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, еліміздегі халық саны 16 миллион 934,1 мың адамға жеткен. Бір айта кетер жайт, қалалықтар қатары енді 9 миллион 278,7 мың адамды құрап отыр, сөйтіп, қала тұрғындарының үлесі 54,8%-дан асып түсті, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында (авторы - Айхан Шәріп).
Бірінші кезекте, Қазақстандағы демографиялық ахуалға тоқтала кетсек. Биылғы қаңтарда елімізде халық саны 22,2 мың адамға өсті, яғни өсім 0,13% болды. Оның ішінде табиғи өсім 22,1 мың адамды құрады (2012 жылғы қаңтарға 21,6 мың адам болған). Жалпы алғанда, АХАТ органдарының дерегінше, қаңтарда 1000 адамға шаққанда жаңа туылған 25 перзенттен келген. Енді салыстырыңыз, алпауыт көршіміз Ресейде бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 2012 жылы 13,3-ті, Украинада 11,4-ті құрапты. Осылайша 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті бойынша Қазақстан тіпті әлемдегі озық елдердің басым көпшілігін артқа тастап отыр!
Өзіңіз қараңыз: 1 мың адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті Жапонияда - 8, Германияда - 8,1, Венгрияда - 8,8, Корея мен Сербияда - 9, Италияда - 9,1, Латвия, Румыния және Португалияда - 9,2. Канада мен Эстонияда бұл көрсеткіш 11-ге, Швецияда - 11,8-ге, Бельгияда - 11,9-ға, Норвегияда - 12,2-ге, Францияда - 12,7, Ұлыбританияда - 12,9-ге, ал Атлант мұхитының ар жағындағы жаһандық алпауыт АҚШ-та 13-ке тең.
Әрине, санға қарағанда, сапа маңызды екендігі де даусыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда дүние есігін ашып жатқан нәрестелердің денсаулығы сонша мықты болмай тұр. Статистика агенттігінің дерегінше, ағымдағы жылдың алғашқы айында республикада 1 жасқа дейінгі 481 нәресте өлімі тіркелген. Ал 2012 жылғы қаңтарда 504 қана болыпты. Былтырғы қаңтармен салыстырғанда, бұ дүниеде жыл өмір сүрмей, шетінеген нәрестелер саны 4,6%-ға кеміген көрінеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, нәресте өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар болып табылады, одан қаңтарда 246 нәресте өлген. Бұл - өте алаңдатарлық жағдай! Ал туа біткен ауытқулардан өлген перзенттер саны 90-ды немесе 18,7%-ды, тыныс органдары ауруларынан - 43 немесе 8,9%-ды құраған. Ең сорақысы сол, 30 бөбек жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан өлген! Олардың саны көбейіп отыр (2012 жылдың басында мұндай оқиға тек 18 рет болған).
Өткенде, Әйелдердің халықаралық күніне орай кездесу өткізген Елбасы өзін ажырасу санының өскендігі алаңдататындығын айтқаны бар. АХАТ органдарының мәліметінше, 2013 жылғы қаңтарда 10,9 мың неке тіркеліпті. Олардың саны 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 0,4%-ға азайған. Ал ажырасулар, керісінше, көбейіпті: жылдың басқы айында 4,2 мың «шаңырақ» күйреген. Нәтижесінде, отау құрып, артынан оларын ойрандағандар қатары 8,6%-ға ұлғайған екен.
Отбасылардың «өмір сүруін» тоқтатуына тұрмыстық мәселелер, соның ішінде қаржылық-экономикалық жағдайлар қуатты ықпал етеді. Кейбір әйелдер ішкілікке салынып, жанұяға табыс әкелмейтін отағасынан кетіп жатады. Әйткенмен, «мемлекеттегі экономикалық жағдай көтерілген сайын халық арасындағы неке бұзылуының да артатындығы» жөнінде қызықты тұжырым бар. Оған сәйкес, табысы молайған көптеген отағасылар өзге нәзік болмыс иелері арасынан бір, тіпті бірнеше нақсүйер «ұстай» бастайды екен. Бұл әрине, кей жағдайда ажырасуларға әкеледі. Сондай-ақ ері қатарлы не одан да көп табыс таба бастаған әйелдер тәуелсіздікке ұмтылып, некеден бас тартады деседі.
Бұл теорияның Қазақстан жағдайында қаншалықты өміршең екендігі зерттелмеген. Бірақ ел Үкіметі де, экономистер де елдегі экономикалық жағдайдың жыл санап жақсарып келе жатқандығын айтады. Ресми статистикаға жүгінсек, «2013 жылғы қаңтарда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары, бағалау бойынша, 51 365 теңгені құрады, бұл 2012 жылғы қаңтарға қарағанда 7,9%-ға жоғары, ал нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 1,2%-ға жоғарылады. 2013 жылғы ақпанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 98735 теңгені құрады. 2012 жылғы ақпанға қарағанда 6,9% өсті». Рас, биылғы жылы экономикалық өсім біраз баяулаған.