16:05, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстандықтар өз үйлерінде санақ жүргізетін кадрлармен алдын-ала танысатын болады ? Д.Жандаева
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ақпанның 21-24-і аралығында еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істейтін Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) өз тұрғындарымен «Санақшымен таныс бол» акциясын өткізеді.

Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында ҚР Статистика агенттігінің баспасөз хатшысы Динара Жандаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап көрсеткеніндей, Статистика агенттігі қазақстандықтарды алаяқтардың пиғылдарынан қауіпсіздендіру мақсатында ақпанның 21-24 күндері аралығында барлық аймақтардағы ПИК-термен бірлесіп, тұрғындарды өзі тұратын үйде санақ жүргізетін кадрлармен алдын-ала таныстыратын болады. Сонымен қатар, санақ күндері жұмыс істейтін 8 800 080 78 28 жедел телефон желісі бойынша санаққа қатысты ақпарат алуға және үйіңізге келген санақшының аты-жөнін, құжат нөмірін хабарлау арқылы, оның статистика бөлімдерінде тіркелгендігіне көз жеткізуге болады. Санақшыларды сондай-ақ, бейдж ретіндегі жеке куәлігінен, «Ұлттық халық санағы - 2009» логотипі бар көк түсті бөкебайы мен сондай түсті сөмкеден тануға болады. «Статистика Агенттігінің мәліметтері бойынша, бүгінде республикада 2708 ПИК тіркелген. Оның басым бөлігі Алматыда ? 609, Петропавлда ? 317, Астанада ? 186, Қарағандыда ? 181 және Өскеменде ? 159 жұмыс атқарады», - дейді Д.Жандаева.