Қазақстандықтар өздеріне қатысты құпия тергеу амалдарына шағым түсіре алады
Бұл туралы бүгін Бурабайда өткен «Қазақстандағы қылмыстық процесс: жаңғыру жолдары» конференциясында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.
Еске сала кетсек, ҚР құқық қорғау қызметі негіздерін жаңғырту туралы жаңа заң жобасына сәйкес, куәландыру кепілі, үлгілерді алу және құпия тергеу амалдары жөніндегі үш санкция прокуратура органдарынан сотқа өтеді.
"Тергеу органдары құпия тергеу амалдары жүргізілгені туралы азаматтарға хабар беруге міндеттеледі. Өздерін аңдуды және қоңырауларының тыңдалуын негізсіз деп есептеген азаматтар сотқа жүгіне алады. Бұл өте маңызды жаңалық, мұндай құқықтар біздің азаматтарда бұрын-соңды болмаған. Жаңа заң жобасы арқылы адамның конституциялық құқықтарын қорғауды арттырудамыз", - деді М.Ахметжанов ҚР құқық қорғау қызметі негіздерін жаңғырту туралы жаңа заң жобасының негізгі ережелерін таныстыру барысында.
Сондай-ақ М.Ахметжановтың айтуынша, бұл ереже құпия тергеу амалдарын тағайындайтын сот пен тергеу жұмыстарының заңдылығын қадағалайтын прокурордың жауапкершіліктерін арттыра түспек.
"Енді соттар да құпия тергеу амалдарын тағайындауға асқан жауапкершілікпен қарайтын болады. Ал барлық тергеу амалдарының заңды болуын қадағалайтын прокурор құпия тергеу амалдарын жүргізудің негізділігін мұқият тексереді және оны тоқтату немесе өзге шара қабылдау туралы акті енгізе алады", - дейді Бас прокуратура өкілі.
Айта кетейік, қазан айында Елбасының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентке ұсынылған еді. Онда Президент адам құқықтарын қорғау деңгейін көтеру, тараптардың бәсекелестігін арттыру, сот бақылауын кеңейту, тергеу рәсімдерін жеңілдету және тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерін нақты бөлу секілді 5 негізгі бағытты анықтап берді.