Қазақстандықтар пәтер сатып алуды айтарлықтай азайтты
Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығындағы баға жылдық мәнде Павлодар – 19,2%, Семей 17,5%, Ақтау қалаларында 17,4% айтарлықтай қымбаттады.
Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімі бойынша Семей (29,9%), Қостанай, Қызылорда (әрқайсында 23%-дан), Ақтөбе қалалары (22,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында Көкшетау (45,5%), Петропавл (41,5%), Алматы, Ақтау қалалары (әрқайсында 41,1%-дан) көш бастап тұр.
Тұрғын үй нарығында жасалған мәміле санына келетін болсақ, 2023 жылғы мамырда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 25 588 мәміле тіркелген.
2023 жылдың сәуірімен салыстырғанда (31 445) мәміле саны 18,6%-ға азайды.
Мәміле саны бойынша көш басында Алматы (4 302 – 16,8%), Астана (3 667 – 14,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 354 – 9,2%) тұр.
Ең азы Ұлытау облысында – 272 (1,1%).
2023 жылдың сәуір айымен салыстырғанда мамырда еліміздің барлық өңірінде теріс динамика байқалады.
Осылайша, мәміле санының ең көп азаюы Атырау (30,3%-ға), Жетісу (26,6%-ға) және Маңғыстау облыстарында (26,3%-ға) тіркелді.
2023 жылдың сәуірімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 19%-ға (4 427 мәмілеге) кеміді.
Қостанай (1,5%-ға артты) және Түркістан облыстарынан (0,4%-ға артты) басқа, барлық қалған өңірде осындай жағдай байқалды.
Мамыр айында пәтерлер бойынша барлығы 18 922 мәміле жасалды, бұл - мәміленің жалпы санының 73,9%.
Бөлме саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, мамыр айында осындай 7 120 құжат ресімделді.
Сауданың негізгі үлесі Алматы (20,3%), Астана (18,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,3%) тиесілі.
2023 жылдың сәуір айымен салыстырғанда, жеке тұрғын үйлер бойынша мәміле саны да 17,7%-ға азайып (1 430 мәмілеге), 6 666-ны құрады.
Теріс көрсеткіш барлық өңірде байқалды.
2023 жылдың мамырында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті аймен салыстырғанда 16,1%-ға азайған, ол кезде 30 500 мәміле ресімделген болатын.
Төмендеудің ең үлкен көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында (51,7%-ға) байқалды.
Осылайша теріс көрсеткіш барлық дерлік аймақта тіркелді, оң динамика тек Астана қаласында (+5,7%).
Теріс динамика 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы мәміле санының 2022 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда да болды – -43,8%.