Қазақстандықтар Солтүстік Македонияға визасыз қатынуы мүмкін

«Қазақстан мен Солтүстік Македонияның теңізге тікелей шығатын жолы болмағандықтан, қос мемлекет үшін сауда маршруттарын дамыту аса маңызды. Азаматтарымыз үшін визасыз режим енгізу мүмкіндігі де талқыланды. Біздің ойымызша, мұндай қадам көптеген салалардағы қарым-қатынастардың тұрақты дамуына қажетті негіз қалар еді», - деді Мұрат Нұртілеу елордада Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасымен кездесу барысында.

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан Солтүстік Македониямен заманауи технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, тау-кен, және туризм сияқты перспективалы салалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
«Іскерлік байланыстардың даму қарқынын сақтау мақсатында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға келістік», - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгін Астанаға Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы Буяр Османи ресми сапармен келді.


