Қазақстандықтар Түркия халқына көмек ретінде 5 млн доллар жинады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына көмек көрсету үшін 5 млн доллар жинады. Бұл туралы елшілікте өткен брифингіде Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтар Түркия халқына көмек ретінде 5 млн доллар жинады

«Заттай көмектен бөлек, Қазақстан тұрғындары ақшалай көмек көрсетті. Осы уақытқа дейін жер сілкінісінен зардап шеккендерге арнайы ашылған ресми шотқа шамамен 5 млн доллар ақша түсті», - деді Уфук Екиджи.

Сонымен қоса, елші Қазақстан Үкіметі 1 млн доллар қаржылай қолдау көрсеткенін атап өтіп, барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.

Еске салайық, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.

Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.