Қазақстандықтар Түркия халқына жинаған ақша көлемі 3,6 млн доллардан асты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат түрік елінің Қазақстандағы Елшілігіне сілтеме жасап.

«Жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған көмек шотына бүгін Қазақстанда жиналған 216 мың АҚШ доллары AFAD-тың (Түркияның төтенше жағдайлар басқармасы – ред.) ресми шотына аударылды. Осылайша, қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 млн 616 мың АҚШ долларын құрады», - делінген Түркия Елшілігінің мәліметінде.

Бұған дейін Елшілік: «Қазақ бауырларымыз қайырымдылық ретінде берген 84 ұлттық қазақ үйі жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде апат орнына жеткізілді», - деп жазған еді. ҚазАқпарат тілшісі Түркиядан хабарлағандай, киіз үйлермен қоса, Қазақстан жіберген гуманитарлық жүктер де бар.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлінген еді. 15 ақпан күні белгілі болғандай, Үкімет аталған елге қосымша 55 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберетін болды.

Бүгінге дейін қазақстандық құтқарушылар үйінділер астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйітін алып шықты.

Соңғы мәліметке сәйкес, 6 ақпан күні болған зілзаладан көз жұмғандар саны 35 мыңнан асты.


Соңғы жаңалықтар