Қазақстандықтар Владимир Толоконниковтың рухына тағзым етті

Айта кету керек, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Мәскеудегі Кино үйінде өтіп жатыр.
Алматыда актермен қоштасуға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, мәдениет басқармасының өкілдері, оның әріптестері, өнерсүйер қауым келді.
«Өздеріңіз білесіздер, Лермонтов атындағы драма театрында жұмыс істеп келген байтақ елімізге белгілі актер Владимир Толоконниковтің қазасы Қазақстан өнеріндегі қайғылы оқиға. Әрине, өнердегі, мәдениеттегі әр адам - тұлға. Бұл кісі тек өзінің актерлік өнерімен ғана емес, жалпы адами қасиеттерімен, және осы актерлік өнері арқылы қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды дәріптеумен тарихта қалған адам. Ол өзі өмірден өткенмен өнері, фильмдері арамызда қалады», - деді Ммәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.
Жиналғандар өнер иесінің адами қасиеттері мен еңбекқұмарлығы мен өнерін сөз етті, арнайы естелік кітабына жазба қалдырды.
«Біз әртіс ретінде Кеңес одағында қалыптастық. Оны жиі Мәскеуге шақыратын. Бірақ, сонда да Алматыда қалатын. Балалары үшін Мәскеуде тұруға мәжбүр болды, бірақ жаны мен жүрегі Алматыда болатын. Жиі ауыратын. Жатқан ері жайлы болсын», - деді әріптесі, театр актері Геннадий Балаев.
Лермонтов театрының актері Андрей Ткаченко өзінің әріптесі туралы жылы лебізін білдірді.
«Өмірден озарының алдында біздікінде қонақта болған. Бұл туралы айтудың өзі маған ауыр. Володя менің досым болатын. Толоконников театр сахнасындағы берілген рөлдің барлығын сомдайтын. Оның бейнесі мәңгілік есімізде қалады», - деді А.Ткаченко.
Айта кетейік, кеше түнде қазақстандық актер ұзаққа созылған сырқаттан дүниеден озды.
Владимир Толоконников 1943 жылы 25 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. ҚазКСР-ға еңбек сіңірген әртісі. 1973 жылы Ярославль театр училищесінің актерлік факультетін аяқтады. 1988 жылы «Ит жүрегі» (Собачье сердце) фильмінде Полиграф Полиграфовичтің рөлін сомдағаннан кейін аса танымалдылыққа ие болды.
Сондай-ақ П.В.Точилиннің «Хоттабыч» фильмінде басты рөлді ойнады, онда актер интернет-мәдениетпен бетпе-бет келген қазіргі заманның жыны болады. Хоттабыч рөлі үшін «MTV-2007» киножүлдесінің номинациясын жеңіп алды. Толоконников 60-тан астам фильм мен сериалға түскен. Соңғы жылдары Алматыдағы Лермонтов атындағы республикалық академиялық орыс драма театрында жұмыс істеп, онымен бір мезгілде киноға түсіп жүрді.