Қазақстандықтардан травматикалық қару сатып алына бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақстандықтардан травматикалық қару сатып алына бастады. Бүгін Астанада өткен арнайы рейд барысында бірқатар елордалық травматикалық қаруларын тапсырды.

Қазақстандықтардан травматикалық қару сатып алына бастады

«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, травматикалық қаруды сақтау заңсыз болып табылады. Сол мақсатта ҚР ІІМ 2015 жылдың 1 қаңтарынан 2016 жылға дейін халықтан ерікті түрде травматикалық қаруды сатып алу науқанын бастады. 2016 жылдан бастап, травматикалық қару сақтағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның құны шығарылған жылына және қарудың маркасына байланысты анықталады. Біз былтырдан бері түсіндіру жұмыстарын жасап келеміз, содан бері тұрғындардың көп бөлігі өздерінің иелігіндегі травматикалық қаруларды ерікті түрде тапсырды», - дейді Астана қаласы Сарыарқа аудандық Ішкі істер басармасының бас инспекторы Арнұр Маханов.

Полицейлердің мәліметінше, қылмыстың басым бөлігі осы травматикамен жасалады. Қазіргі таңда айналымда 40 мыңнан астам заңсыз қару жүр. Оны жаппай сатып алуға ел бюджетінен 2 миллиард теңге бөлінген. Травматикалық қаруға «Ішкі істер органдары туралы» заңға енгізілген өзгеріске сай қызметтік қару-жарақ санатына жатқызылып, қарапайым тұрғындардың қолдануына тыйым салынды.