Қазақстандықтардың 18 млрд теңгесін жымқырған шетелдік қылмыстық топ ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан полицейлері 5-6 жыл бойы интернет-алаяқтықпен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Олар ел тұрғындарын 18 млрд теңгеге шығынға отырғызған.

Қазақстандықтардың 18 млрд теңгесін жымқырған шетелдік қылмыстық топ ұсталды

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Теміртау қаласындағы халықпен кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ басшысы хабарлағандай, қылмыстық топтың ұйым Украинада орналасқан. Олар түрлі тәсілдер бойынша, «жұмыс» істеген. Негізінен Қазақстан азаматтарына өздерін полиция немесе банк қызметкеріміз деп таныстырып, оларды алдап-арбап, ақшаларын қажетті жерге аударып отырған. 5-6 жыл ішінде қылмыстық топ ел тұрғындарын 18 млрд теңгеге шығынға отырғызған.

«Көрші мемлекеттегі әріптестерімізбен келісім жасалды. Мен ведомство басшысымен, яғни сол елдің ішкі істер министрімен тікелей байланыста болдым. Бірлескен операция ұйымдастырылып, біздің полицейлер сол елге іссапарға жіберілді. Сөйтіп, 5-6 жыл көлемінде қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді», - деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Оның сөзінше, бұл топ тек жымысқы әрекетін тек Қазақстанмен жүзеге асырып келген. Топ мүшелерін ұстау кезінде көптеген құрылғылар тәркіленді. Олардың әр жерден әрекет ететін 41 орны болған. Яғни, осыншама оператор Қазақстан азаматтарының деректерін өңдеп отыру үшін үш ауысыммен жұмыс істеген.

«Қабылданған шаралардың арқасында топ жойылды. Біз анықтаған мекенжайдан соңғы 5 күнде Қазақстанға қоңыраулар түскен жоқ. Сонымен қатар, қабылданған басқа іс-шаралардың арқасында 5,5 миллион телефон қоңыраулары бұғатталды, олар біздің азаматтарға алаяқтық әрекеттері бойынша ұсыныс жасау керек еді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында отырып қаржы аударған дропперлердің осы іске қатыстылығы анықталуда», - деп толықтырды ІІМ басшысы.

Белгілі болғандай, осы жылы тіркелген 140 мың қылмыстың 30%-ы интернет-алаяқтыққа тиесілі. Сондықтан полиция бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бірнеше айдың ішінде интернет желісі арқылы ақша бопсалаған 5 қылмыстық топ анықталды және жойылды.


Автордың фотосы