Қазақстандықтардың 90%-ы қайырымдылық жасауды қолдайды - сауалнама

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың 90%-ы қайырымдылық жасау керек деп есептейді. Көрсеткіш сауалнаманың нәтижесінде анықталып отыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Қазақстан қоғамдық даму институтының «Қайырымдылық пен донорлық жүйесі» атты әлеуметтік зерттеуіне қатысқандардың 90%-ы қайырымдылық жасауды қолдайтындарын білдірді. Зерттеу сауалнамаға еліміздің 17 өңірінен 1 200 респондент қатысты. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, әрбір екінші азамат (46%) адам мүмкіндігіне қарай қайырымдылықпен айналысуға тиіс деп есептейді», - деді Данияр Қадыров елордада өткен «Қазақстан халқына» қорының қорытынды отырысында.

Вице-министр келтірген мәліметке сәйкес, зерттеу сауалнамасына қатысқандардың 37%-ы қайырымдылықты тұрақты түрде жасайды, ал респонденттердің 24%-ы жарты жылда бір рет және 20%-ы жылына бір рет көмек-қолдау көрсетеді.

«Қайырымдылық саласын жүйелі қолдап, дамыту мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, биыл «Қайырымдылық туралы» заңға енгізілген түзетулер шеңберінде қайырымдылық ұйымдары үшін мемлекеттік меншік объектілерін (сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару) жеңілдікпен пайдалану көзделген. Сондай-ақ, бірқатар шара қайырымдылық көмектің ашықтығын арттыруға бағытталып отыр», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 1 мыңнан астам қайырымдылық қоры қызмет етеді.


Соңғы жаңалықтар