Қазақстандықтардың тұтынуына қанша көлемде көмір қажет
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы жылыту маусымы үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бөлінісінде бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмір қажеттілігі жоспарын дайындады.
«Аталған жоспарға сәйкес көмірді тұтыну көлемі 9,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық мекемелер үшін 2,6 млн тонна және тұрғындар үшін 7 млн тонна. Көмір өндіруші кәсіпорындардың деректері бойынша, биылғы 6 айда энергия өндіруші кәсіпорындарға 30 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 4 млн тонна және коммуналдық-тұрмыстық ұйымдар мен халықтың қолдануына 3,7 млн тонна көмір жөнелтілді», - делінген министрліктің ҚазАқпарат сауалына берген жауабында.
Аталған ведомствоның хабарлауынша, алдағы жылыту маусымына халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша дайындық наурыз айында басталды.
Коммуналдық-тұрмыстық ұйымдар мен тұрғындардың қажеттілігі үшін «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Майкубен-Вест» ЖШС және «Қаражыра» АҚ көмір өндіретін мекемелері бар.
Айта кетсек, бұған дейін қазақстандықтарға көмірді алдын ала сатып алуға кеңес берілген еді.
Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шет елдерге көлікпен көмір әкетуге тыйым салынатыны туралы айтты.