Қазақстандықтардың жедел жәрдем қызметін шақыруы жиілеп кетті

«Жедел жәрдем қызметін шақыру жағдайы артып бара жатқанын атап өту керек. Өткен жылдың дәл осындай кезеңімен де, өткен аптаның көрсеткішімен де салыстырып көрдік. Қалалар мен өңірлерде, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында жедел жәрдем қызметін шақыру жағдайы жиілеп кеткен. Бұрын тәулігіне мың рет шақырылса, қазіргі өсім 2-2,5 мыңға дейінгі шақыруды көрсетіп отыр. Халыққа айтарымыз: егер өміріңізге қауіп төніп тұрған жағдайда 103 нөміріне хабарласу керек. Жедел жәрдем қызметі «дәл осы жерде әрі дәл қазір» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Әйтсе де, қауіп жоқ кезде де шақырып жататындар кездеседі», - деді Ләззат Ақтаева Денсаулық сақтау министрлігінің «Министрлік хабарлайды» айдары бойынша Facebook-тен сөйлеген сөзінде.
Ол өз сөзінде жедел жәрдем қызметінің жанында call-орталық барын атап өтті. Ол арқылы тиісті кеңес алуға мүмкіндік бар.
«Жедел жәрдемге хабарласқан адам call-орталықтағы дәрігерге қосып беруін де өтініп, керекті ақпаратты ала алады. Сонымен қатар, әрбір өңірде call-орталықтың барын да атап өту керек», - деді Ләззат Ақтаева.
Вице-министр, сондай-ақ, инфекциялық ауруханаларға төсек орындары жеткілікті екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда бүкіл елдегі ауруханаларда 7372 инфекциялық төсек орын әзірленген. Онда орналасу деңгейі — шамамен 68%. Көп орналасқан өңірлер де бар. Олар аймақтардың қатарына Павлодар, Алматы, ШҚО, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын жатқызуға болады», - деді Ләззат Ақтаева.