Қазақстанға 1,5 млрд доллар көлемінде жаңа инвестиция тарту көзделіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік холдингтерінің топ-менеджментімен бірқатар маңызды кездесу өткізді.
Қазақстан экономикасына ауқымды инвестиция тартуға арналған келіссөздер Үрімші қаласындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдігінің алаңында өтті.
Кездесудің негізгі бір түйіні — Қытайдың көмір өндіру, көмір химиясы және жаңа материалдар өндіру саласындағы ірі өнеркәсіптік холдингінің бірі China Рingmei Shenma Holding Group Co., Ltd. басшылығымен жасалған келіссөздер. Қытайлық компания Қазақстанда инвестиция көлемі $1,5 млрд-қа дейінгі заманауи көмір-химия кешенін салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда. Жоба қосылған құны жоғары өнім шығарып, көмірді терең өңдеудің толық циклін құруды көздейді. Кездесуде China Рingmei Shenma Holding Group өкілдері Қазақстанда толық циклді заманауи интеграцияланған көмір-химия кешенін құру ниеті бар екенін мәлімдеді. Олар біздің республиканы Орталық Азиядағы негізгі топтың инвестициялық алаңы ретінде қарастыруда. Серік Жұманғарин бұл бастаманы қолдап, Қытай тарапын Қазақстанға шақырды.
— Біз көмір химиясы саласындағы жобаларды қызу қолдаймыз. Жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен және Қазақстанның даму банкімен бірлесіп, қаржыландыру тетігін пысықтауға дайынбыз. Абай облысы да ынтымақтастық үшін ашық және жобаны жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын, — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.
Келіссөздердің нәтижесінде China Рingmei Shenma Holding Group және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Қазақстанның көмір ресурстарын игеру және көмір химия өнеркәсібін дамыту саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тағы бір стратегиялық әріптес — биотехнология, мал шаруашылығы, ветеринарлық вакцина өндірісі, жем-шөп және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласында құзыреті мол Қытайдың Xinjiang Zhongxinjian Animal Husbandry Co. Ltd. өнеркәсіптік тобы.
Тараптар ветеринарлық препарат өндірудің заманауи технологиясын Қазақстанға беру, ветеринария, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласында кешенді шешім енгізу мүмкіндігін талқылады. Қазіргі заманғы агротехнологияға, суару жүйелеріне және жоғары ақуызды жүгеріні өсіруге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, қытайлық компания «Қорғас» АЭА аумағында жүзеге асырылатын мал азығы жүгерісін өсіріп, жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салу жобасын ұсынды. Қытайлық әріптестер «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен ынтымақтастықтың арқасында нарықты егжей-тегжейлі зерттей алғанын атап өтті.
Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин компанияға Абай облысын агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың базалық алаңы ретінде қарастыруды ұсынды.
Қазақстан вице-премьері Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы соңғы ветеринарлық шектеуді алып тастағаннан кейін Қазақстан мал шаруашылығы өнімін әлемдік нарыққа экспорттауға қосымша мүмкіндік алғанын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тарап ҚХР стандарттары бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған зертхана құруды, экспорт үшін нормативтік базаны жетілдіруді және шекара маңындағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейтін кешенді ынтымақтастық моделін ұсынды.
— Бүгінде Қазақстан тірі малды экспорттауға емес, терең өңделген дайын өнімді жеткізуге мүдделі. Сапаны бақылау мен заманауи логистика инфрақұрылымын құру қытай нарығына қайта өңделген өнім экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Кездесу соңында тараптар жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауды жалғастырып, ынтымақтастықтың жол карталарын дайындауға және инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға көшу үшін мамандардың өзара сапарын ұйымдастыруға келісті.
Айта кетелік ірі халықаралық компания Alatau City жобасына инвестиция салуға ниетті.