Ірі халықаралық компания Alatau City жобасына инвестиция салуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов Melco Resorts & Entertainment басшысы Лоуренс Хомен Alatau city дамыту аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

 Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Melco Resorts & Entertainment Limited халықаралық компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Лоуренс Хомен кездесті.

Заманауи туристік индустрияны дамыту — экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және экономикалық өсудің жаңа бағдарын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Кездесу барысында Қазақстанның туристік инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ Алатау қаласының аумағында жобаларды жүзеге асыруға инвесторлардың қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Премьер-министр Президенттің Alatau City жобасын жүзеге асыруға және оған қажетті инфрақұрылымдарды салуға баса назар аударып отырғанын атап өтті. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция, сондай-ақ «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң күшіне енеді. Заңда инвесторлармен өзара іс-қимылдың ашық тетіктері, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жағдайларының ұзақмерзімді тұрақтылығы және инвестицияларды қорғаудың қазіргі заманғы тетіктері көзделген.

«Melco Resorts & Entertainment Limited» басқарма төрағасы Лоуренс Хо компанияның бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілігін білдіріп, Қазақстанның туризм мен қонақжайлылық индустриясын дамытуда жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға қызығушылық танытты.

Анықтама:
Melco Resorts & Entertainment Limited — интеграцияланған инфрақұрылымдық кешендердің ірі халықаралық операторларының бірі. Компания туристік, қонақ үй мен MICE-инфрақұрылымын дамыта отырып, Макао, Филиппин және Кипрдегі жобаларды жүзеге асырады.