Қазақстанға АЭС не үшін қажет

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшылығы туындайтынын айтқан еді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазірдің өзінде электр энергиясына сұраныс артып, жетіспеушілік байқала бастаған. Мәселен, бүгінде еліміздегі электр энергиясының тапшылығы 1,3 ГВт құрап отыр. Осы тұста биыл оны тұтыну рекордтық көрсеткішке жеткенін, яғни 7%-ға артқанын атап өту керек. Жалпы бірнеше жыл бойы табиғи өсім 1,5-2%-ды құраған болатын. Міне, осыдан-ақ электр энергиясына деген сұраныстың күн санап артып жатқанын көреміз.

Десе де, ел арасында АЭС құрылысына қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Бірі атом электр станциясы керек десе, енді бірі оның қауіпті екенін алға тартады. Ал шын мәнісінде, елімізге АЭС қаншалықты қажет? Оның мүмкіндіктері қандай болмақ? Әлемдік тәжірибе не дейді? Кейбір елдер АЭС-тен неліктен бас тартып отыр? Міне, осы секілді сауалдарға жауап табу үшін ізденіп, сарапшылардың пікірін білген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

«Энергетикалық қауіпсіздік проблемасын шұғыл шешу керек»

Биылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елдегі энергетика саласындағы проблемаларды шешіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан еді. Оның сөзінше, энергиямен жабдықтау жүйесінің жұмысын жолға қою қажет. «Себебі біз электрмен жабдықтау жүйесінің жұмысында тұрақты іркілістерге тап болдық. Оған мысал ретінде жақында елдің оңтүстігіндегі электр қуатының өшірілуін айтуға болады. Біз шекаралас мемлекеттердің энергия жүйесіндегі жұмыстың сапасына ішінара тәуелдіміз. Сондықтан да елдің энергетикалық қауіпсіздігі проблемасын шұғыл шешу керек»,-деді Президент.

Сонымен қоса ол салаға жауапты тұлғалардың атом станциясының құрылысы туралы сұрақтарға жауап беруден дипломатиялық түрде бас тартатынын түсінбейтінін атап өтті. Керісінше, олар барлық сауалға жауап беріп, халық арасында дұрыс түсінік қалыптасуына ықпал етуі керек деп баса айтты. «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан да бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Оның маңызын кәсіби тұрғыдан түсіндіру керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар іс-шара қолға алынғанын атап өту керек. Мәселен, елдегі электр энергиясы тапшылығын жою үшін 2021 жылы қарашада Жамбыл ГРЭС-тің үшінші блогы, ал 2022 жылы қаңтарда төртінші энергия блогы іске қосылған еді. Бұл ГРЭС жүктемесін 330 МВт-қа ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Алайда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, электр энергиясының тапшылығы тек арта бермек. Себебі экономиканың дамуы энергия шығындарын көбірек талап етеді. Егер жағдайды сол қалпында қалдырсақ, онда апаттар жиілеп, адамдар электр жарығынсыз қалып, экономиканың дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан да министр электр энергиясын алудың балама көзін тауып, күн санап артып келе жатқан қажеттіліктерді өтеу жөнінде ойлану керек екенін атап өткен болатын.

АЭС салуға қарсылық – білімнің аздығынан ба?

Қоғам пікірі АЭС-тің қауіпсіздігі хақында екіге бөлініп отыр. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, бұл жөнінде толықтай түсіндіріп беретін материалдар аз. Мысалы, энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушев та адамдардың АЭС салуға қарсылығы ақпараттық жұмыстардың, сонымен қоса білімнің аздығынан екенін атап өтті.

«Халықтың бейбіт атомды пайдаланудан, атом электр станцияларын салудан және ядролық жарылыстардан қорқуы білімнің жетіспеуімен байланысты. Себебі басқа елдер атом энергиясын сәтті пайдаланып отыр, яғни тәжірибе бар. Атом энергетикасы соңғы бірнеше онжылдықта әлемде энергия өндірудің ең перспективалы түрлерінің бірі болып қала берді», - деді спикер.

Оның сөзінше, зауыт жұмысының ең қауіпті кезеңі деп жанармай құю сәтін айтуға болады. Осы кезде реактор ашылады және радиоактивті қалдықтардың ауаға таралу қаупі үлкен болмаса да, бар. Дегенмен маманның айтуынша, бұл жиі емес, орта есеппен жылына бір рет қана жасалады. Бұл жағдайда шығарындылар өте аз болады.

АЭС-тің қолданылуы: Әлемдік тәжірибе

2022 жылдың басындағы жағдай бойынша, әлемде қуаты 391 ГВт болатын 439 реактор жұмыс істейді. Атом электр станцияларын 32 мемлекет пайдаланады. Оның басым көпшілігі Еуропада, Солтүстік Америкада, Қиыр Шығыс Азияда және бұрынғы КСРО территориясында орналасқан. Қазіргі уақытта 19 елде электр қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Бұл ретте Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш және Түркия алғашқы атом электр станцияларын салуда.

Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушевтің сөзінше, атом электр станциялары жұмыс істейтін елдерде ешқашан халық тарапынан шағым болған емес. «Себебі адамдар да атом электр станциясының жұмысы тоқтатылса, олардың өмірі қазіргідей жайлы болмайтынын жақсы түсінеді. Әдетте атом электр станциялары жұмыс істейтін жерде баға да тұрақты, энергиямен қамтамасыз ету де жолға қойылған. Ал біз болсақ, осындай ортағасырлық мәселелерді әлі талқылап жатырмыз», - деді маман.

Дегенмен кейбір елдер атом электр станцияларынан бірте-бірте бас тартып жатыр. Сарапшының айтуынша, олар мұны өз технологияларының ескіруіне байланысты қауіпсіздік мақсатында жасап отыр.

«Ядролық жобаларын жапқан елдер ядролық апаттан қорықпайды, бірақ олар өздерінің реакторларының қорғаныс деңгейі төмен болғандықтан ғана бас тартуда. Яғни, олар өткен ғасырдың 70-жылдарында орнатылған және қазірдің өзінде ескірген реакторлардың қауіпсіздігі мен қорғаныс шараларының азаюы себепті жауып жатыр»,-деді Жақып Хайрушев.

Қазақстанда АЭС құрылысы қай сатыда?

Ал Қазақстанға келсек, елімізде АЭС салуға қатысты дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда атом электр станциясын салу үшін технологиялар зерттеліп, зерделеніп жатыр. ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ТМД электр энергетикалық кеңесінің отырысында «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясы келіссөздер жүргізіп, шетелдік тәжірибе қаралып жатқанын айтқан болатын.

Мәселен, Қазақстан өкілдері Оңтүстік Кореяда болған. Вице-министрдің айтуынша, корей тарапы жоба құрылысына қатысуға, сонымен қоса реакторды жеткізетін кез келген компаниямен бірлесе жұмыс істеуге дайын.

Бұдан бөлек осыған дейін Қазақстан АҚШ-пен ынтымақтастық аясында шағын модульдік реакторлар бойынша FIRST бағдарламасына қатысатыны жөнінде хабарланған болатын. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен және АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасының ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық қауіпсіздік бюросының өкілдерімен кездесті. Оның барысында Америка тарапы FIRST – «Шағын модульдік реакторлар технологияларын жауапты пайдалануға арналған базалық инфрақұрылым» бағдарламасына қатысуды ұсынды. Аталған бағдарлама әлемде енгізіліп жатқан АЭС-ке арналған озық ядролық технологиялармен және жаңа инновациялармен танысуға мүмкіндік бермек.

Оған қоса жақында өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның «Аккую» АЭС-ін салудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырғанын атап өткен жөн. Бұдан біз елімізде АЭС-ті қандай технологиямен және қай компания салатыны әлі белгісіз екенін байқаймыз.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде АЭС салуға 6 шетелдік компания ниет білдірген. Нақты қандай компаниялар және қай мемлекеттен екенін төмендегі инфографикадан көруге болады.

АЭС салу үшін қанша қаражат жұмсалады?

«Самұрық-Қазына» АҚ-нің еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. «Алдын ала есептеулерге сәйкес, елімізде әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын екі реакторлы АЭС салынуы керек. Болжам бойынша, оның құрылысына 10-12 млрд доллар қажет»,-делінген мәліметте.

Сонымен қатар аталған мекеменің хабарлауынша, АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылатын болады. Сондай-ақ АЭС құрылысын несие беру арқылы немесе коммерциялық жоба аясында салу ұсынылмақ. «Біз 3 немесе 3+ буынына сәйкес келетін реакторларды салуды қарастырып отырмыз, өйткені олар -қауіпсіз. Бұл бағытта біздің талаптарға сай келетін Ресей, Корея, Франция және Қытай компанияларының реакторлары бар. Ал шағын және орта қуатты ректорларды АҚШ-тың General Electric-Hitachi және NuScale компанияларынан алу бойынша коммерциялық жұмыстар пысықталып жатыр»,-делінген ақпаратта.

Мамандардың айтуынша, АЭС-ті салуға шамамен 6 жыл уақыт жұмсалады. Алайда ұсынысты қоғамдық талқылаудан өткізуге, қажетті құжаттар дайындауға да уақыт керек. Жалпы бұл процесс 10 жыл мерзімді қамтитын болады.

Қазақстан үшін АЭС неліктен маңызды?

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, берілген параметрлер бойынша атом электр станциясын салу Қазақстан үшін электр энергиясын тұтынуға өсіп келе жатқан қажеттіліктерді, экономиканы дамыту үшін энергия шығындарын жабу және көмір отынынан бас тартуға байланысты энергетикалық тұрақтылықты сақтау үшін қажет.

Сонымен қатар ведомство басшысы өз сұхбаттарының бірінде газды энергия өндіруге отын ретінде пайдаланудың неліктен мүмкін болмайтынын түсіндірген еді.

«Газдың отынды алмастыратынын бәріміз білеміз, Еуропалық Одақ елдері де төмен көміртекті экономикалық даму үшін газды уақытша отын ретінде пайдаланып отыр. Алайда еліміздегі барлық станция газға ауыстырылса да, елімізді энергиямен қамтамасыз етуге газ жетпейді», - деп түсіндірді Энергетика министрлігінің басшысы.

Бұдан бөлек министр қазіргі уақытта белсенді түрде дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан 2030 жылға қарай электр қуатын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия үлесін 15 %-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен Қазақстанға ЖЭК-тің жаппай дамуымен қатар еліміздің бүкіл энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін резервтік станциялар қажет. Ол мұндай станциялар, әрине, көп көңіл бөлуді қажет ететінін атап өтіп, салынатын орны мен технологияларды таңдауда мұқият болу керек екенін еске салып өтті.

Қорыта келе, мамандар айтқандай, халық арасында энергияның балама көздері, әсіресе АЭС-тің маңызы мен мүмкіндіктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет екенін байқап отырмыз. Сол себепті энергетика саласының сарапшылары болашақта энергия тапшылығын болдырмас үшін қазірден бастап қамдану қажет екенін баса айтады.



Фото: img.day.az







Соңғы жаңалықтар