Тимур Жәнтікин: АЭС технологиясын таңдағанда санкциялар саясатын ескереміз

Балқаштың маңына АЭС салынған күннің өзінде реакторды сусыз да салқындатуға болады. Мұндай мәліметті «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

қазақстан аэс
Фото: kaznu.kz

«Самұрық-Қазына» қорының YouTube арнасында атом энергетика саласына жауапты орган өкілдері «Қазақстанға АЭС не үшін керек?» деген сұрақтың жауабын бірлесіп іздеді. Оқырман назарына «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікиннің айтқан тезистерін ұсынып отырмыз.

АЭС-ке қанша су керек?

«Бізге АЭС салынатын аумақтағы су қорының кемінде алдағы 70 жылдағы болжамы керек. Атом стансасын салқындатуға қандай технологияны пайдалатынымыз осы болжамға байланысты. Мұхитпен шектеспейтін, теңізі жоқ ел үшін салқындату көзі өзен немесе Балқаш сияқты көл бола алады. Мұндай елдерде әдеттегі салқындату мұнарасы пайдаланылады. Мысалы, біз Беларусьтағы стансаны көрдік. Онда 1200 МВт болатын екі блок тұр. Біз де шамамен сондай салғымыз келеді. Оның салқындату мұнарасы қайтарымсыз шығындайтын, яғни буландырып, ұсақ тамшылар етіп шашатын судың көлемі жылына 63 млн текше метр болады. Балқаштың деректерін де қарап көрдік. Осы айтып отырған 63 млн текше метр су Балқаштың бетінен буланып ұшатын судың 0,3-06 пайызы ғана екен. Яғни, климат ауытқып, Балқаш құрғай бастаса, оған АЭС-тің қатысы болмайды.

Алайда сусыз салқындататын технология да бар. Қазір Өзбекстанда құрғақ салқындату мұнарасының жобасы пысықталып жатыр. Ол мұнараға мүлде су қажет емес. Кәдімгі машинаның радиаторы сияқты тұйықталған циклмен жұмыс істейді. Бірақ оның бағасы сәл қымбат. Оның үстіне аталған мұнараның жұмысына 3-5 МВт көлемінде қосымша қуат керек. Дегенмен, техникалық тұрғыдан іске асыруға болады. Сондықтан су бойынша проблема болмауы керек».

Қай елдің технологиясы қауіпсіз?

«Біз төрт жобаны, 13 жеткізушінің ішінен төртеуін іріктеп алдық. 4 ел деген сөз ғой. Олар: Ресей, Қытай, Франция, Оңтүстік Корея. Бұлардың бәрі шашамен ұқсас – қауіпсіздік деңгейі бойынша «3-3+» буынына жатады. Яғни, айтарлықтай заманауи, уақыт сынағынан өткен технологиялар. Әр технологияның артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Біз арнайы өлшемшарттар әзірлеп, кейін оны A-Systems дейтін франциялық кеңесші компаниямен бірге жетілдірдік. Сол өлшемшарттар бойынша осы 4 елді іріктеген болатынбыз. Оны көп айта бермейміз. Өйткені өлшемшарттарды әлі де жетілдіріп, басқа параметрлер қосатын шығармыз.

Бұл жердегі басты өлшеуіш – технология мен экономика, саяси фактор жоқ. Жеткізу тізбегі дейтін мәселе бар. Жобаның сенімділігіне жеткізу тізбегі қалай әсер етуі мүмкін? Оны да ескеру керек. Қазір санкциялар текетіресі жүріп жатқанын білесіздер. Жобаны іске асырған кезде ол да кедергі келтіруі мүмкін деген қауіп бар. Кейбір жобаларда осындай кедергі қазірдің өзінде бар. Сондықтан нақты бір технологияға бағдарланып отырмыз деп айтуға әлі ертерек. Өйткені әлі де әр тетігін пысықтау қажет. Оның үстіне қаржыландыру жағын қарау керек. Өйткені ұлкен жобалардың көбі қаржыландыру тұсы дұрыс пысықтамағанның кесірінен орта жолда қалған. Технология тарту мәселесі де бар. Мысалы, біз өзіміздің АЭС-ке өз отынымызды пайдаланғымыз келеді. Қазір ол мәселені де пысықтап жатырмыз. Ертең отын бермей қойып, соның кесірінен қуатсыз қалмауымыз керек. Қолымызда уран барда, одан отын өндіретін технология тұрғанда өзіміздің АЭС-ке өз отынымызды пайдалануға міндеттіміз. Өзіміздегі мемлекеттік органдармен, әлеуетті жзеткізушілермен жұмыс істеп жатырмыз. «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы да бұл салада әріптестікке мүдделі. Жыл аяғына дейін кейбір мәселелер айқын болатын шығар».

Жел мен күн тұрғанда неге атом қуатына кіріптар боламыз?

«Қазір экономиканы көмірсутексіздендіру жүріп жатқаны түсінікті. Осыған байланысты көмірден қуат генерациялау мәселесінде проблемалар пайда болды. Көмірден де, газдан да қоршаған ортаға шығарынды тасталады. Сонда жаңартылатын қуат көзі ретінде пайдаланылатын күн электр стансасы мен жел электр стансалары, одан бөлек атом электр стансасы бар.

Атом стансасы сенімді жұмыс істейтіні түсінікті. Яғни, жаңартылатын қуат көздеріне қарағанда ертеңін болжап, бағамдауға болады. Одан кейін жаңартылатын қуат көздері «қымбат игілік» екенін ұмытпау керек. Тендер кезінде 1КВт/сағ энергияны 14 теңгеге беруге дайын екендерін айтып жатады. Ал 2022 жылдың қорытындысын қараған экономистер жаңартылатын қуаттың құны басқаша екенін айтып отыр. Ол туралы Петр Своик те (энергетика сарапшысы – ред.) айтты. Жаңартылатын қуат көздерінен алынатын 1 КВт/сағат электрді генерациялаудың өзіндік құны 70 теңгенің айналасында болатынын есептеп шығарды.

Сондықтан біз сенімді энергия жүйесін құрғымыз келсе, АЭС сияқты сенімді көзді дамытуымыз керек. Оның үстіне, бізде бұл бағыттарда тәжірибе бар. Каспийдің жағасында, Ақтау қаласында АЭС жұмыс істеген. Бұл – осынша өнеркәсіп ауқымында жұмыс істеген әлемдегі тұңғыш реактор болатын. Бізде атом өнеркәсібі дамыған. Уран өндіруден әлемде бірінші орын алып отырмыз. Оған қоса бізде уран отынының зауыты бар. Былтырдан бері франциялық дизайндағы өнімін Қытай нарығына экспорттап отырмыз. Қуатты ядролық орталығымыз бар. Яғни, қажетті дүниенің бәрі бар. Кей адамдар бізде зерттеу бағытындағы ядролық реактор (Алматыдан 20 шақырым жерде – ред) қолданылып келе жатқанын білмейтін болуы керек. Оларға қойылатын талаптардың Атом электр стансасына қойылатын талаптардан соншалық айырмашылығы жоқ. Ол да дәл сондай ядролық реактор».

Күн, жел электр стансаларының қызмет мерзімі – 25 жыл ғана

Тимур Жәнтікин күн мен жел электр стансалары ары кетсе 25 жыл ғана қызмет ететінін, одан кейін оның бөлшектерін кәдеге жарату мәселесі туындайтынын айтады.

«Бұл стансалардың қызмет мерзімі аз. Мысалы күн батареялары жыл сайын тозып отырады. Ары кетсе 20-25 жыл істейді. Жел генераторлары да сол сияқты. Біздегі жел стансаларының паркін қарасаңыз, қазірдің өзінде желден қозғалыс алатын моторлар тозып, істен шыға бастаған. Ондағы редукторларды ауыстыру шығындары айтарлықтай қымбат. Сондықтан оны ешкім ауыстырып жатқан жоқ. Одан кейін кәдеге жарату проблемасы бар. Біз әзірге онымен тап келген жоқпыз. Өйткені ондай стансалар көп емес. Қазір жалғыз жол бар. Мысалы АҚШ-та ЖЭС-тің қапалағын шешіп алып, бөлшектейді де, жерге көмеді. Яғни, кейін біреулер кәдеге жаратудың тың тәсілін ойлап табатын шығар деген үміт қана.

Ал АЭС-ті жобалаған кезде кәдеге жаратуды қойып, оны жоюдың тәсілін де нақтылап қоямыз. Яғни, отынның қалдығын кәдеге жарату, реактордың өзін, басқа да қалдықтарды кәдеге жарату шығындары ураннан алатын қуатты генерациялаудың өзіндік құнына кіргізіледі.

Яғни, АЭС реакторын кәдеге жарату – шешімі бар мәселе. Белгілі бір ақша қажет болады. Жобаны әзірлеген кезде ол ақшаны да атомнан алатын қуатты генерациялаудың өзіндік құнына қосамыз.

Бірақ бұл жаңартылатын қуат көздері қажет емес немесе АЭС-ке кедергі келтіреді деген сөз емес. Жай ғана әр көздің үлесін реттеп отыру керек. Энергия жүйесі қай көздің үлесі қанша болғанда шыдай алатынын ескеру қажет.

Бұл жерде экологиядан бөлек, экономикалық жағы да бар. Сатып алу конкурстарында жаңартылатын электрдің 1 КВт/сағаты 14 теңге деп көрсетілетінін айттық. Шын мәнінде, 14 теңгеден ешкім сатып отырған жоқ. Сондықтан оны басқа қуат түрлерімен араластырып тұтынады. Мысалы, жел стансасынан алатын энергия тұрақты болу үшін дәстүрлі стансаларда сақтап отыру керек. Оны генерациялаудың өзіндік құнын ешкім есептеп жатқан жоқ. Оның үстіне, тұрақсыз генерациялар электр желісіне әрдайым жүктеме артып тұрады. Ұлттық энергия жүйеміз содан айтарлықтай зардап шегіп келеді. Оның бәрін санмен көрсетуге болады.

Сондықтан жаңартылатын энергетика дәл бүгін атом энергетикасымен бәсекеде теңесе алмайды. Мүмкін келешекте қандай да бір шешімдер табылатын шығар. Бәлкім сол шешімнің пайда болғанын күту керек. Онда қорымызды ысыраптаймыз. Өйткені жаңартылатын энергетикаға ақша салу арқылы энергия жүйесінің экономикасына ауыртпалық артып отырмыз».

Еске салайық, Атом электр стансасы Балқаш көлі маңында, Алматы облысының Үлкен кенті аумағында салынуы мүмкін екені айтылған болатын.

Соңғы жаңалықтар