Қазақстанға баратынымды естіген кәсіпкерлер топ болып еріп келді - Словения Президенті

АСТАНА. KAZINFORM – Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбаты барысында Қазақстанға сапарының мән-маңызы, екі ел арасында артып келе жатқан дипломатиялық және экономикалық байланыстар мен түрлі саладағы ынтымақтастықтың әлеуеті жайында айтып берді. Сондай-ақ ол мультилатерализм (көптараптылыққа) маңызына, Словенияның әлемдік дипломатияда артып келе жатқан рөліне және Димаш Құдайбергеннің музыкасына тоқталды.

Наташа Пирц-Мусар
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Бұл сапар - Словения президентінің Қазақстанға кейінгі 15 жылда жасалған бірінші ресми сапары. Ол Астананың да, Люблянаның да екіжақты саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге деген нық бейілін байқатады. Қазақстан мен Словения қатынасының келешегі туралы айтып берсеңіз. Таяуда Словенияда ашылған Қазақстан Елшілігі қосымша қарым-қатынасқа серпін бере алды ма?

- Егер сауалыңыздың соңғы бөлігінен бастасақ, Қазақстанның Люблянада Елшілік ашу шешімі тамаша оқиға болды. Тұрақты елшінің болуы дипломаттардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл оларға елді, оның іскерлік ортасы мен саяси өмірін жете түсінуге септігін тигізеді. Қазір біз Қазақстанға бейрезидент елшіні ұсыну үдерісінде тұрмыз.

Әрине, сіздің еліңіз не бәрі 2 млн тұрғынмен әлемнің барлық мемлекетінде Елшілік аша алмайтындығымызды түсінеді деп үміттенемін. Сондықтан бізге басымдықтарды жөнге келтіріп алуға тура келеді. Біз тек Қазақстанды ғана толығымен назарда ұстайтын айрықша тапсырмалар жөніндегі елші тағайындауды ұсынып отырмыз. Таяу келешекте ұсынарымыз осы. Бұл жүзеге асыру процесінде.

Бірақ, ең алдымен Президенттеріңізге - Тоқаев мырзаға Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біз алғаш рет, президент лауазымына кіріскеніме не бәрі жарты жыл болған кезде Нью-Йоркте, БҰҰ Бас ассамблеясында кездестік. Сол уақытта, шын мәнінде мазмұнды әрі толыққанды әңгіме болды.

Дәл сол сәтте «Қазақстан өте қызықты мемлекет» деген едім. Шындығын айтқанда, саяси және экономикалық тұрғыда географиялық шағын елдер жоғары державаларға қарағанда барынша ашық болуы тиіс. Қазіргі уақытта Словения Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі және біз әлемде не болып жатқанынан жан-жақты хабардармыз. Бірақ, әрине, әлемде экономика көлемі жағынан үшінші орында тұрған Еуропалық одақтың мүшесі екенімізді де түсінеміз.

Еуропалық одаққа сөзсіз басымдық береміз. Дегенмен, Словенияның мұхиттың ортасындағы жалғыз-жарым арал еместігін жиі айтамын. Бізге өзге елдермен де ынтымақтасу қажет. Басты ұстанымым – егер бізде жақсы саяси қатынас жолға қойылса, онда бұл экономикалық ахуалды айтарлықтай жеңілдетеді. Ал біздің Қазақстанмен шешімін таппаған мәселеміз жоқ және дипломатиялық қарым-қатынасымыз 33 жылға жетіп отыр. Дамыған экономиканы – әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілген мемлекет. Біз дәл осындай ымыраға ұмтыламыз. Бұған дейін айтқанымдай, саяси мығым байланыс бизнеске көптеген мүмкіндік ашады. Сондықтан да осында келіп отырмын.

Қазақстанның жылы қабылдауына және әлемнің барлық елімен ынтымақтастыққа дайындығына өте қуаныштымын. Меніңше, бұл тұрғыда біз мүдделеспіз. Әрине, Қазақстан Словениядан 10 есе үлкен. Сіздер Орталық Азияда экономика бойынша көш бастап тұрсыздар. Қазіргі уақытта осынау кереғарлық көбейіп кеткен, «ессіз» әлемде бейтарап саяси ұстанымды сақтауға тырысып келесіздер.

Әлем бетпе-бет келіп отырған осынау күрделі уақытта танытып отырған даналықтарыңыз үшін президенттеріңіз және еліңіз тамсандырады.

- Астанаға өзіңізбен бірге Словенияның жетекші салаларынан ірі бизнес делегациясы келіп, Қазақстан-Словения бизнес форумына қатысты. Сіздің пайымыңызша, осы форум Астана мен Люблянаға қандай экономикалық ықпал жасай алады?

- Бір ғана жол бар және ол - өрлеу жолы. «Егер жылдам жүргіңіз келсе, онда жалғыз жүріңіз, ал егер алысқа барғыңыз келсе, онда бірге жүріңіз». Мен осыны жиі айтамын. Бұл - саясат үшін де, экономика үшін де әділ.

Иә, бұл - мен Президент лауазымында отырған 2 жыл 3 айда Қазақстанға ертіп әкелген ең ірі делегация. Оның қатарында 25 жетекші компания бар.

Екіжақты экономикалық алыс-беріс әзірше мардымсыз дер едім – 163 млн еуро. Салыстыру үшін айтсам, біздің ең ірі сауда серіктесіміз – Швейцария. Негізінен фармацевтикалық секторда серіктеспіз. Бұл елмен арадағы сауда көлемі - жылына 32 млрд еуро. Ауқымы жағынан екінші орында тұрған серіктесіміз - Германия (15 млрд еуро).

Дегенмен, Қазақстанда Словенияға ұсынатын дүниелер бар және Словения да Қазақстанға өз тауарларын ұсына алады. Мұнай мен табиғи газыңыз бар, бұл ресурстар – гауһарыңыз. Словенияда мұндай жоқ. Сондықтан бізге өзге салаларда инновациялық танытуға тура келеді. Фармацевтика – жетекші саламыз, сондай-ақ орман шаруашылығы, цифрландыру мен жасанды интеллект жас кәсіпкерлеріміздің жанына жақын. Жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін көптеген стартабымыз бар.

Астанадағы Жасанда интеллект орталығында, сонымен қатар Халықаралық қаржы орталығында болдым. Шетелдік инвесторлар тарту бойынша өте қарқынды жұмыс істеп жатқандарыңызды көрдім. Еуропалық Одақ - Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор. Оған барлық инвестицияның жартысынан көбі тиесілі. Словения - ЕО-ның бөлігі, 27 мүше мемлекеттің бірі. Бірақ, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін, әрине бізге екіжақты байланысты дамыту қажет. Қазақстанға сапарымның мақсаты да осы. Қазақстанға баратынымды естіген кезде көптеген словен кәсіпкері бірден: «Президент ханым, біз де сізбен бірге барғымыз келеді», - деді. Олар президенттің Қазақстанға сапары көптеген есікті ашатынын түсінеді.

Әрине, словен мен қазақ кәсіпкерлеріне сапалы өнімдерді көрсету қажет. Меніңше, сонда екіжақты ынтымақтастықта шекара болмайды.

Наташа Пирц-Мусар
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- 2024 жылы қарашадағы саяси консультация барысында словен делегациясының басшысы, Сыртқы және еуропалық істер мемлекеттік хатшысы Марко Штуцин Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы виза режимін ырықтандыруды қолдайтындығын растаған еді. Сіздің пайымыңызша, бұл процесті жеделдету үшін қандай қадам жасау қажет?

- Процесс қазірдің өзінде басталып кетті. Өйткені Еуропалық одақ, жаңа айтқанымдай, Еуроодақтан тыс мемлекеттермен ынтымақтастық жақсы саяси және экономикалық қарым-қатынас үшін қажеттігін түсінеді. Осылайша, қысқа мерзімді визалар беруді, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына реадмиссияны жеңілдету жұмысы істеліп жатыр. Дегенмен, Еуропалық одақтың саяси құрылымын түсіну керектігі сөзсіз. Мұнда шешім қабылдау үшін барлық 27 мүше мемлекеттің пәтуасы қажет. Словения Қазақстан үшін визалық режимді жеңілдетуді табанды жақтаушы болып қала беретіні сөзсіз.

Алдымызда тұрған жол осындай және сіздердің елдеріңізді бұл бағытта мұнан ары да қолдауға ниеттімін.

- Сол консультация алаңында Марко Штуцин Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Рауза Меңдалиевамен екі елдің университеттері мен ғылыми институттары арасындағы ынтымақтастықты талқылау үшін кездескен еді. Бұл салада қандай оқиғаны күте аламыз? Сондай-ақ Қазақстанда словен университеттерінің филиалдарын ашу жоспары жайлы да білгіміз келеді.

- Білім – әрбір мемлекет назар аударуы тиіс маңызды тақырып. Жастар білім алмай, өрлеу болмайды, бұл – факт. Білімнің бүкіл әлемге таралуы да қосымша құндылыққа ие. Білімді өзіңе сақтама, оны басқа адамдармен, басқа халықтармен бөліс. Бұл тұрғыда Словения көптеген ұсыныс жасай алады.

Қазақстанда университет ашпайтындығымыз анық. Бірақ, цифрландыру мен фармацевтика сынды салаларда көптеген профессорымыз бар. Бұл - біздің мықты ресурсымыз және басымдығымыз. Дәл сондықтан швейцариялық компаниялар Словенияда зауыттар ашады. Фармацевтика саласы бойынша әлемдік деңгейде екеніміз айқын.

Бізде өңірдегі ірі ғылыми институт – Йожеф Стефан атындағы оқу орны бар. Онда бүкіл әлемнен 900 ғалым робототехника, жасанды интеллекті мен биотехнология салаларында зерттеумен айналысады. Сондықтан профессорлар алмасуды жаңа деңгейге шығару керек.

Музыка мен мәдениет те – словендіктер бөлісуді жақсы көретін салалар. Бізге өзге мәдениеттермен, тілдермен, өнермен танысу қызықты. Бұл салалар да барынша дамығанын қалаймын.

Сізге бір жайтты айтуға рұқсат етсеңіз. Бүгін премьер-министрлеріңізбен түскі ас іштім және онда оқу-ағарту министрлеріңіз де болды. Ол Қазақстанның шетелдік білім алу тұжырымдамасы жайлы айтып берді. Бүкіл әлемнен көптеген университет Қазақстанға профессорларын жіберіп, филиалдарын ашып жатыр. Мұның себебі – жастарды Отанында ұстап қалуға және оларға білім алу үшін ең үздік жағдайлар жасауға ұмтылыс. Құптарлық ұстаным. Өйткені, жастар елден жыраққа кетпей-ақ шетелдік білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Рұқсат етсеңіз кішкентай бір құпияның сырын ашайын. Қытай да дәл осылай істеп отыр, араб елдері де. Сондықтан кейбір америкалық университеттерде қиындықтар пайда болып жатыр – енді шетелдік студенттер АҚШ-қа бармайды, үйлерінде қалып Құрама Штаттарды қоса алғанда бүкіл әлемнің аса көрнекті профессорларынан білім алады. Бұл - өте қызықты жоба және ол шын мәнінде жұмыс істейді. Өйткені, министр маған айтқандай, елде қалатын жастардың легі артып келеді.

- Nazarbayev University-де дәріс оқыдыңыз. Студенттерге не жайында айттыңыз?

- Шетелге сапарға шыққанымда университеттерден дәріс оқуға шақырту алу - мен үшін зор мәртебе және Nazarbayev University шақыруын қуана қабыл алдым. Зал мені, менің не айтатынымды, не айтқым келгенін тыңдауға жиналған жастарға, талантты студенттерге лық толы болды. Дәрісімнің тақырыбы – «Шағын елдер және олардың қазір біз өмір сүріп жатқан геосаяси алуан түрлі әлемдегі жағдайы». Студенттерге «Шектеу тек басымызда ғана болатынын» айттым.

Шағын географиялық көлемге қарамастан, біз ғаламшарымыздың ілгерілеуіне септігін тигізетін идеялардың көмегімен әлемге ықпал етуге ұмтыламыз. Қозғаған тақырыптарымның арасында гендерлік теңдік пен жасанды интеллект болды. Өйткені, жасанды интеллект көптеген жақсы дүние береді. Бірақ, оның теріс жағы да бар. Сол себепті осынау суперцифрлық құралдарды әзірлеу барысында абай болуымыз қажет. Бір жай ғана ұстаным үнемі басымызда болуы тиіс: қоғамға тек жақсылық жасайық. Міне сондықтан да жасанды интеллект реттеу мен шектеуді қажет етеді. Тым көп емес, дегенмен олар қалай дегенде де болуы тиіс.

Сондай-ақ климаттың өзгеруі немесе басқаша сөзбен айтқанда климат дағдарысы жайында сөз қозғадым. Мақсат - Жердің орташа температурасының индустрияландыруға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 1,5 градустан асуына жол бермеу еді. Өткен жылдың қарашасында біз бұл шектен асып кеттік, қазір 1,5 градустан жоғары болып тұр. Бұл дұрыс емес.

Еуропаның 4 елін қоса алғанда G20 мемлекеттері барлық көмір қышқыл газының 80 пайызын шығарады. Бұл қалған 20 пайыз ел тек бақылап, тыс қалуы және G20 елдерінде не болып жатқанына қарап отыруы тиіс дегенді білдірмейді. Жоқ, осынау ғаламшардағы әрбір ел, әрбір адам сақтап қалуымыз қажет жасыл ғаламшардың мозайкасының кішкентай бөлшегін қалауы тиіс. Міне сондықтан, Словения осы мәселеге мән береді.

Баса айтқым келетін тағы бір тақырып – ара. Осынау кішкентай ғана тіршілік иесі ғаламшарда әрбір үшінші қасық азықты қамтамасыз етіп отыр. Қоршаған ортаның ластануы салдарынан аралар жоғалу алдында тұр. Біз бұған жол бере алмаймыз. Словения БҰҰ аясында Бүкіләлемдік аралар күнін атап өту үшін белсенді жұмыс істеді және 20 мамыр ресми түрде Бүкіләлемдік аралар күні болып белгіленді. Бұл тамаша жайт және біз оны «Аралар әлем үшін» (Bees for Peace) деп атаймыз.

Бұған дейін еске салғанымдай, Словения БҰҰ-ға адамның таза және салауатты қоршаған орта құқығын тануды ұсынған елдердің бірі болды. Бұл біздің жетістігімізге айналды.

Гендерлік теңдік саласында да белсенді жұмыс істейміз. Мексикамен және Испаниямен бірге БҰҰ ішіндегі гендерлік кезектесу жобасының сенімді жақтаушысымын.

Келесі жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 80-отырысы өтеді. Сіз ұйым тарихында Бас ассамблея төрағасы лауазымында әйелдердің қанша рет болғанын білесіз бе? Не бәрі төрт-ақ рет. Бұл - әділетсіздік. Сыртқы саясаттағы феминизм тақырыбын талқылаған сайын, гендерлік теңдікті талқылаған сайын мен еш уақытта ерлердің әлденеден құр қалғанын қаламаймын, әйелдердің теңдей мүмкіндік алғанын қалаймын. Біз соған ұмтыламыз.

Тағы бір жайт: БҰҰ жұмыс істеп тұрған 80 жылдың ішінде бас хатшы лауазымында бір рет те болсын әйел адам болмады. Бұл - мен ұмтылатын тағы бір мақсат және Қазақстан бұл мәселеде бізді қолдайды деп үміттенемін.

Шектеу тек сіздің басыңызда ғана бар. Егер сіз бір нәрсеге сенсеңіз, онда соны жасаңыз. Менің ұраным осы.

Наташа Пирц-Мусар
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Араларға оралсақ, бұл мәселе Сіздің елордалық мектептердің бірінде оқыған лекцияңыздың негізгі тақырыбы болды. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз...

- Бұл қазақстандық балалармен өткізген тамаша уақыт болды. Олар аралардың суретін салса, мен өзіммен ала келген суреттерді көрсеттім. Словениядан өзім тұрып жатқан Домжале муниципалитетінен бал алып келдім. Мектептің қабырғасына жергілікті оқушылар мен домжалелік оқушылардың суреттері қатар ілінді. Қысқа дәрісім барысында мен оларға: «Аралар мен табиғатты қорғаңдар. Өйткені бұл - сендердің және келер ұрпақтың болашағы», - деп айттым.

Ғаламшарды сақтап қалу үшін сіз жасай алатын әрбір іс-қимыл - артықшылық. Ол - кішкентай қадам болса да, барлық елде тұрақты дамуға, тұйық кезең экономикасына, жасыл күн тәртібіне, ластанумен күреске, көміртегі газдарының үлесін азайтуға және жаңартылатын энергияны дамытуға жасалған қадам.

Мен бұл мәселелерді мәртебелі Президенттеріңіз - Тоқаев мырзамен де талқыладым. Ол жасыл күн тәртібінің маңыздылығын шынымен де түсінеді және бізде болашақта бүкіл ғаламшар үшін маңызды тақырыптарды талқылауға көптеген мүмкіндік болады деп шын жүректен үміттенемін.

Әрине, соғыс бізге ешқандай пайда әкелмейді. Қазіргі уақытта 55 қарулы қақтығыс болып жатыр. Мұндай жағдай екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта болмаған. Міне сондықтан, бұл тағы да шағын елдерге қатысты. Мен көптараптылыққа (мультилатерализмге) сенемін. Бұл - ілгерілеудің жалғыз жолы ғана.

Ірі державалардың ғаламшар халқының алдында орасан зор міндеттері бар. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымында бір ел – бір дауыс. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің 20 пайызы – шағын арал-мемлекеттер. Климаттың өзгеруіне байланысты олардың жерлерін су басып, аумақтарынан айырылып жатыр. Олардың БҰҰ-да дауыс беру мүмкіндігі бар. Сондықтан БҰҰ-ны сақтап қалу аса маңызды. Президенттеріңіз Женевада, БҰҰ-да жұмыс істеді және неліктен көптараптылықтың маңызды екенін түсінеді.

Словения БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде шын мәнінде маңызды мәселелерге қатысты батыл мәлімдемелер жасайды. Өте батыл. Сондықтан, БҰҰ «көпжақты» - пішімі жағынан бірегей, жаһандық платформа болып қала береді деп үміттенемін. Менің сенетінім осы және бұл туралы үнемі айтам.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық рөлі жайында айтқанда дәл осындай пайымды жиі алға тартады. Жаһандық ынтымақтастыққа ықпалдасу үшін БҰҰ сынды бірегей платформаны нығайту келешегі қандай?

- Білесіз бе, кейде БҰҰ зор қиындықтарға тап болған сияқты көрінеді. Шындығында да солай. Соңғы 25 жыл бойы біз БҰҰ-ны реформалау жайын талқылағанымызбен табысқа жете алмай отырмыз. Оның себебі, вето қою құқығына ие Қауіпсіздік кеңесінің 5 тұрақты мүшесінің жаппай қолдауынсыз реформаны жүзеге асыру мүмкін еместігінде.

Кейде менде Нью-Йорктегі Қауіпсіздік кеңесінде қандай да бір гибридтік соғыс жүріп жатқандай сезім болады. Өйткені елдер әртүрлі саяси топтағы саяси одақтастарын қолдау үшін вето құқығын пайдаланады. Көріп отырғаным маған ұнамайды. Сондықтан оның негізіне – Қауіпсіздік кеңесіндегі вето құқығын реформалауға тереңірек үңілу қажет. Жаппай қатігездік жайында сөз болғанда вето құқығын ешқашан қолдануға болмайды деп есептеймін. Бұл - мүлдем әділетсіз дүние. Заң тазалығы тұрғысынан да Қауіпсіздік кеңесінде мәселесі талқыланатын елдің, Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты орны болсын/болмасын, ештеңеге қарамастан дауыс беру құқығы болмауы керек.

Сондықтан талқылайтын, ойланатын нәрсе көп және біз Біріккен Ұлттар Ұйымы соңғы ғасырдағы ең сұрапыл соғыс - екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылғанын есте ұстауымыз керек. Ал тұрақты орынға ие және вето құқығы бар Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі – екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен елдер.

Әлемдегі көптеген ел оларға вето құқығын бермек бұрын ұзақ ойланды. Бірақ біз оларға сендік. Өйткені олардың бейбітшілік пен тұрақтылық - көп күш салуды қажет ететін дүние екендігін түсінді деп сендік. Бүгінде жағдай өзгерді және де мен бұл ұйымның күшті «көк дулығаларымен», бітімгершілік күштерімен және шектеулі вето құқымен қайтадан мықты болғанын қалаймын. Онсыз біз қайта-қайта проблемаларға тап боламыз.

Димаш
Фото: Dimash.news/Instagram

- Сізге Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы ұнайтынын білдік. Ол – Қазақстанның мақтанышы. Еліміздің мәдениеті мен өнерін әлемдік аренада паш етіп жүр. Оның музыкасын соншалықты бірегей ететін не деп ойлайсыз? Жалпы оның шығармашылығы Қазақстанды әлемнің қабылдауына қалай ықпал етеді?

- Музыка – бейбітшілік, Құдайберген мырзаның да бұған иланатындығына шын жүректен сенемін. Мен оның даусын алғаш рет 2018 жылы, 24 жасында естідім. Оның жеті октава диапазоны бар әдемі, ерекше даусы ғаламшардағы санаулы ғана өнерпазға дарыған. Бейнебаянды көрмей оның француз тіліндегі «S.O.S» әнін тыңдаған кезімде маған екі адам ән айтып тұрғандай көрінді. Бірақ бейнебаянды қарасам, бір әнші ғана екен, ол – Димаш.

2018 жылдан кейін оның бүкіл әлемдегі концерттерін қадағалай бастадым. 2019 жылы билет сатып алып, оны тыңдау үшін Санкт-Петерборға бардым. Онда одан бетер таң қалдым. Өйткені мұндай музыкантты бір залда тұрып тыңдағанда, даусының нағыз мүмкіндіктерін естисің, сезінесің. Ол - шынымен де бірегей дарын. Қазақстанның ғана емес, бүкіл ғаламшардың гауһары.

Осы сапарымда онымен жүздескеніме өте қатты қуандым. Ол маған гүл шоғын сыйлады. Тілдескеніме өте қуаныштымын. Мен сізге Димаш туралы тағы бір нәрсені айтайын: 2019 жылы оның Санкт-Петербордағы концертіне барғанымды айтқаннан кейін көптеген отандасым Димашты тыңдай бастады. Ал қазір Словенияда Димаш Құдайбергеннің фан-клубы бар. Демек, ол менің елімде де танымал.

- Сұхбатымызға тағы не қосар едіңіз?

- Мүмкін бір нәрсе ғана. Словендер саяхаттауды жақсы көреді және бизнес делегациямның құрамында туристік агенттіктердің өкілдері де бар. Словенияның туризмде ұсынары көп. Енді мен Президент ретінде елдеріңізге келгеннен кейін, Қазақстан халқы интернеттен іздеп, елімнің сұлулығын тануға уақыт бөледі деп сенемін. Таяу болашақта қазақстандықтар Словенияға келіп, оны жақыннан тануға ұмтылатынына шынайы үміт артамын. Тағы бір деталь: жеріміздің 58 пайызын әлі күнге дейін орман алып жатыр. Бізді «Еуропаның жасыл қазынасы» немесе «Еуропаның өкпесі» деп атайды. Міне, біз осындай елміз.

Арман ағылшын редакциясы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Керемет! Алдағы уақытта да солай болады деген ойдамын.

- Дәл солай болады, мен оған сенімдімін.

Ағылшын тіліндегі түпнұсқа материалды мына жерден оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар