Қазақстанға кәсіби жүк тасымалдаушы мамандар қажет - Атамекен

«Ашығын айту керек, бүгінде жүк тасымалы саласында жұмыс істейін көлік жүргізушілерінің жартысы - беларустар, литвалықтар және тағы басқа елдің азаматтары. Олардың арасында қазақстандықтар аз. Неге? Мен осы мәселені зерделеп көрдім. Оның басты себебі - менталитетте. Кеңестер кезінде осы салада өзге елдердің азаматтарынан құралған «клондайк» қалыптасты. Сосын қазақстандықтар көлік жүргізушісін мәртебелі мамандық деп санамайды. Еуропада олай емес. Әрине, бір уақытта кәсіби көлік жүргізушілерінің санын арттыру мүмкін емес. Дегенмен, осыны іске асыру қажет. Себебі Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» сияқты транзиттік жолдар өтеді. Соның арқасында жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік бар», - деді Е.Исқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жақында ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен кеңесте кәсіпкерлер кәсіби жүк тасымалдаушыларды даярлау мәселесін көтерді. Министр аталған мәселені шешуге мүдделі. «Былай қарасаң, көлік жүргізушісі куәлігін алу үшін көп уақыт та, арнайы білім де қажет емес. Дегенмен, халықаралық тасымалмен айналысатын көлік жүргізушісі әрбір елдің заңдары мен ережелерін білуі керек. Сосын көлік құралының өзі қымбат тұрады. Бір жүк көлігінің өзі - 180 мың доллар. Оған тура сондай сомаға жүк артылады. Ондай шығындарды кез келген сақтандыру жүйесі көтере бермейді. Сондықтан осы санаттағы көлік жүргізушілерін даярлау шараларына баса назар аудару қажет», - деп атап көрсетті Е.Исқалиев.
Фото: atameken.kz