Қазақстанға келген туристер заңсыз таксистерге алданбауы үшін QR-кодтар орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі елге келетін туристер үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосуды ұсынды және сенімді такси, қонақүйлер тізімі жазылған QR-код жүйесі енгізілмек. Бұл туралы министр Ербол Мырзабосынов Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндады.

− Заңсыз такси қызметтері – кең таралған проблема. Бұл үшін халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізіліп, сенімді такси, қонақүйлер, электронды сим-карталар мен туристік нысандар туралы ақпарат көрсетіледі. Әкімдіктер бұл жұмысты тұрақты түрде қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы керек. Қажет болса, заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту мүмкіндігі де қарастырылуы қажет, − деді Е.Мырзабосынов.
Сондай-ақ, ірі халықаралық қалалардағы секілді түнгі уақытта әуежайдан қала орталығына автобус қатынасы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу ұсынылып отыр.
− Автотуристерге көрсетілетін қызмет мәдениеті де ерекше маңызға ие. Полиция тарапынан көрсетілген көмек ел туралы жағымды пікір қалдырып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысында жоғалған құжаттарды тауып берген жағдай бар. Батыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарында да туристерге көмек көрсетілді. Сонымен қатар негізсіз тоқтату мен дөрекі қарым-қатынас фактілері де кездеседі. Бұндай жағдайлар елдің беделіне кері әсер етеді. Автотуристерге арналған жадынама шет тілдеріне аударылып, өткізу бекеттері мен вокзалдарда таратылады, − дейді министр.
Бұл ретте халықтың да туристермен сыпайы және түсіністікпен қарым-қатынас жасауы маңызды. Түркия үлгісімен қарапайым ережелер жинағын жасап, тұрғындарға тарату ұсынылды. Онда туристерге құрмет көрсету, әділетті баға, қауіпсіздік және сыпайылық мәселелері жазылады.
Айта кетейік, өткен жылы елімізге 15,3 миллион турист шетелден келген. Сондай-ақ, 10 миллионнан астам ішкі турист ел ішінде саяхаттаған.
Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады.
Сондай-ақ, Қазақстанға келген туристерге тегін SIM-карта беру ұсынылды.