Қазақстанға Қытайдан ойыншық импорты үш есеге жуық азайды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы қаңтар–шілде қорытындысы бойынша Қазақстанға 9,6 мың тонна балалар ойыншығы импортталды. Бұл – кемінде 2015 жылдан бергі осы кезеңдегі ең төмен көрсеткіш, деп хабарлайды DATA HUB талдау арнасы.

Қазақстанға Қытайдан ойыншық импорты үш есеге жуық азайды
Фото: Kazinform

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жылдық мәнде импорттың физикалық көлемі 2,5 есе қысқарған.

Алайда сарапшылар жеткізілім көлемінің күрт төмендеуін әзірге тұрақты үрдіс деп бағалауға болмайтынын атап өтеді. Өйткені ойыншық импортының көлемі жыл сайын айтарлықтай өзгеріп отырады. Мәселен, 2025 жылғы қаңтар–шілдеде импорт керісінше 71%-ға өскен.

Импорттың азаюына ең көп әсер еткен ел – ойыншық жеткізудің негізгі бөлігін қамтамасыз ететін Қытай. Бір жыл ішінде Қытайдан әкелінген ойыншық көлемі 2,8 есе азайып, 7,7 мың тоннаға дейін түскен. Ресейден жеткізілім 39%-ға қысқарып, 1,1 мың тоннаны құрады.

Импорттың негізгі төмендеуі жануарлар мен басқа да тіршілік иелері түріндегі жұмсақ ойыншықтар, ішіне қозғалтқыш орнатылған ойыншықтар, жиынтықтар мен комплектілер, балалар мінетін ойыншықтар және конструкторлар бойынша байқалды. Осы санаттар жиынтығында импорттың жалпы қысқаруының 67%-ын құрады.

Ақшалай мәнде де импорт төмендеді. Жеті айда оның көлемі 45,9 млн долларды құраса, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 81,4 млн доллар болған. Осылайша, төмендеу 44%-ды құрады. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткіш.

DATA HUB мәліметінше, Қазақстанға әкелінетін балалар ойыншықтары Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің бақылау мақсатындағы сатып алулары тексерілген ойыншықтардың бір бөлігі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетіп отыр. Ең жиі кездесетін бұзушылықтар таңбалауға қатысты болса, сирек жағдайда зиянды заттардың, соның ішінде формальдегид, метил спирті және ацетальдегид мөлшерінің шамадан тыс болуы анықталады.

Қазіргі уақытта балалар ойыншықтарына сәйкестендіру құралдарымен міндетті таңбалау талабы қойылмайды. Тиісті талаптарды 2028 жылғы 1 ақпаннан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, ЕО Temu-ға қауіпті тауарлар мен балалар ойыншықтарын сатқаны үшін 200 млн еуро айыппұл салғанын жаздық.

Сондай-ақ Қытаймен шекарада үш күн бойы көлік пен жүк өткізілмейті хабарланды.