Қазақстанға Нидерландыдан, Ресейден әкеліп жерсіндіретін жолбарыстар тегін беріліп жатыр ма
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде Нидерландыдан жеткізілген екі жолбарысты «Іле Балқаш» табиғи резерватында жерсіндіру жобасы жүзеге асып жатыр. Одан бөлек 2026 жылы Ресейден 3-4 Амур жолбарысы жеткізілмек.
Осы орайда сауал туындайды аталған елдер жолбарыстарды Қазақстанға тегін беріп жатыр ма? Бұл сауалға Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев жауап берді.
- Нидерланды елі екі жолбарысты сыйға тартып, өздері жеткізіп берді. Ол елде жануарларды жерсіндіру жобалары донорлармен өте жақсы қолданылады, сондықтан Қазақстанға тегін жеткізілді. Ресейге келсек, қазір келіссөз жүргізілді, жолбарыстар тегін болады және Алматыға дейін тегін жеткізу жөнінде келісім жүріп жатыр, - деп қысқа қайырды Данияр Тұрғамбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін 2026 жылы Қазақстанға Ресейден 3-4 Амур жолбарысы жеткізілетіні туралы хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, «Іле-Балқаш» резерватында жолбарыстарды жерсіндіру 2024 жылы қолға алынды.