Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 70 жыл бұрын жойылып кеткен жолбарыстар тарихи мекеніне қайта орала бастады. Биыл Ресейден жеткізілген төрт Амур жолбарысының екеуі табиғатқа жіберілді, ал қалған екеуін 2027 жылдың көктемінде еркіндікке шығару жоспарланып отыр. Kazinform тілшісі жыртқыштарды қайта жерсіндіру бағдарламасының жүзеге асу барысына шолу жасады.

Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жолбарыстарды қайта жерсіндірудің алғашқы қадамдары

2025 жылғы қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында екі ел арасында Амур жолбарыстарын Қазақстанға жеткізуге дайындық және оларды бастапқы бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды.

Арада алты ай өткенде, 2026 жылғы 8 мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Алматы облысына төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Бұл Қазақстанда жойылып кеткен жыртқыштарды қайта жерсіндіру бағдарламасының маңызды кезеңі болды.

Дегенмен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жолбарыстарды қайтару жұмысы әлдеқайда ерте басталған. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан Халықаралық жолбарыс саммитінде жыртқыштарды елге қайта жерсіндіруге дайын екенін мәлімдеген. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF) Іле өзенінің маңайы мен Оңтүстік Балқаш өңіріне жолбарыстарды қайтару туралы меморандумға қол қойған. Осылайша, 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған болатын.

Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Таңдау неге Амур жолбарысына түсті

WWF-тің бағалауынша, Қазақстан аумағында бұрын Тұран жолбарысы мекендеген. Іле өзенінің маңайы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы осы жыртқыштың тарихи мекені саналады.

Сөйтіп, министрліктің хабарлауынша, қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылар жолбарыстарды қайта жерсіндірудің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеген. Зерттеу нәтижесінде Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірі жыртқыштардың тіршілік етуіне қолайлы аумақ ретінде таңдалған.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының бір-біріне өте жақын екенін көрсеткен. Сондықтан Қазақстандағы популяцияны қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы таңдалған.

— Бағдарлама кемінде 35 жылға жоспарланған. Оның негізгі мақсаты — жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтарумен қатар, табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру, — деді министр.

Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жолбарыстарға 450 мың гектар аумақ берілді

2026 жылғы қаңтарда Үкімет қаулысымен «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы 450 мың гектарға дейін кеңейтілді. Оның құрамына Ұзынарал түбегі, Балқаш көлінің аралдары мен халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар енгізілді.

Министр Әлібек Қуантыров жолбарыстардың тіршілік етуі үшін табиғи ортаны қалпына келтіру маңызды екенін атап өтті.

— Жолбарыс табиғаты сақталған жерде ғана тіршілік ете алады. Сондықтан осы жылдар ішінде табиғи мекендерді қалпына келтіру және қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жолбарыстардың табиғатта өз бетінше тіршілік етуі үшін жабайы тұяқты жануарлардың жеткілікті болуы өте маңызды. Осы мақсатта резерват аумағына 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан қоныстандырылды. Жолбарыстардың қоректік қорын көбейтуге бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді, — деді ол.

Сонымен бірге аумаққа қоршаулар салынып, автоматты суаттар орнатылған.

— Қазір мұнда 3 мыңнан астам тұяқты жануар мекендейді. Мамандар олардың санын бақылап, қозғалысын қадағалап отыр, — деді министр.

Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жоба өкілдерінің айтуынша, жолбарыстарды қайта жерсіндіру тек жыртқыштарды табиғатқа жіберумен шектелмейді. Бағдарлама аясында бүкіл экожүйені қалпына келтіру, соның ішінде жабайы жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау көзделген.

Үміт пен Амур табиғатқа қалай жіберілді

Қазақстанға жеткізілген жолбарыстар бірден жабайы табиғатқа жіберілген жоқ. Алдымен карантиннен өткізіліп, арнайы қоршауларға орналастырылды. Мамандар олардың денсаулығын, мінез-құлқын, өздігінен қорек табу қабілетін және адамдарға реакциясын тексерді.

2026 жылғы 31 шілдеде Үміт есімді ұрғашы жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Бұл Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған алғашқы жыртқыш болды. Министрлік мәліметінше, Үміт жаңа мекеніне ойдағыдай бейімделген. Қазір ол жабайы қабандарды сәтті аулап, қорек табуда қиындық көріп жүрген жоқ.

— Үміт есімді ұрғашы жолбарыс өз бетінше аң аулап, мекендейтін аумағын белгілеп үлгерді. Бұл кейін оның жанына аталық жолбарысты жіберуге мүмкіндік берді, — деді Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.

жолбарыс
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Енді күні кеше 31 қазанда төрт жастағы Амур есімді аталық жолбарыс та еркіндікке жіберілді. Мамандар оның денсаулығы мен аңшылық дағдыларын тексеріп, табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін айтқан.

— Әрбір жолбарысты табиғи ортаға жіберу — үлкен жауапкершілік. Жануардың жабайы табиғатта өз бетінше тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулық жағдайын, мінез-құлқын және аңшылық дағдыларын мұқият бағалағаннан кейін ғана қабылданады, — дейді министр.

Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Оның айтуынша, мамандар жолбарыстардың қозғалысын және табиғи ортаға бейімделуін бақылауды жалғастырады.

Жолбарыстардың қозғалысы қалай бақыланады

Министрлік мәліметінше, табиғатқа жіберілген жолбарыстарға арнайы датчигі бар қарғыбаулар тағылған. Құрылғылар арқылы олардың орналасқан жері мен қозғалысы бақыланады. Алынған мәліметтер тіркеліп, талданады.

Жоба өкілдерінің айтуынша, әр жолбарыстың мінез-құлқы мен табиғи ортаға бейімделуі жеке бағаланады. Мамандар олардың денсаулығын, аң аулау қабілетін және қозғалысын қадағалайды.

Сонымен бірге жануарлардың күнделікті тіршілігіне адамның араласуы барынша шектеледі. Өйткені жолбарыстар табиғатта өздігінен қорек тауып, аң аулауы тиіс.
Жолбарыстардың табиғатқа оралуына байланысты елді мекендердің қауіпсіздігі мәселесі де қарастырылған. Жыртқыштар ауылдарға жақындаған жағдайда арнайы мамандар әрекет етеді.

— Халықтың қауіпсіздігі — біз үшін басты мәселе. Сондықтан бағдарламаны дайындаған кезде барлық факторды, оның ішінде жақын маңдағы тұрғындардың қауіпсіздігін ескердік. Арнайы топ құрылды. Оның мамандары резерватта тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Егер жолбарыс сары аймаққа кірсе, тиісті сигнал арнайы топқа және ауылға түседі. Мамандар қажетті техникалық құралдарды пайдаланып, жолбарысты кері қайтаруға дайын, — деп түсіндірді министр.

Іле-Балқашта екінші жолбарыс табиғатқа жіберілді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жобаға кімдер қолдау көрсетіп отыр

Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы мемлекеттік, ғылыми және халықаралық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Қазақстанның Зоология институты, Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, WWF және БҰҰ Даму бағдарламасы бар.

2024 жылғы қарашада жобаға «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры қосылды. Қор арқылы Freedom Holding Corp. жолбарыстарды тасымалдауға, қазақстандық мамандарды Ресейде даярлауға және резерваттағы арнайы қоршауларды жабдықтауға қолдау көрсеткен.

Компанияның бас атқарушы директоры Тимур Тұрлов экологиялық жобаларды қаржыландыру жалғасатынын мәлімдеді.

— Осы уақыт ішінде біз жобаға 102 миллион теңгеден астам қаржы бөлдік. Ұйымдастыру шығындарының едәуір бөлігін өтедік. Қазақстандық мамандарды оқытуға, резерваттағы қоршауларды жабдықтауға және Ресейден төрт жолбарысты тасымалдауға қолдау көрсеттік, — деді ол.

Жоба өкілдері алдағы уақытта Қазақстанның осы саладағы тәжірибесі арта түсетінін, қажет болған жағдайда шетелдік мамандар тартылуы мүмкін екенін айтты.

Тұран мен Уссури көктемде еркіндікке шығады

Ресейден Қазақстанға жеткізілген төрт Амур жолбарысының екеуі әзірге арнайы қоршауда ұсталып отыр. Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Тұран мен Уссури есімді қалған екі жолбарысты 2027 жылдың көктемінде табиғи ортаға жіберу жоспарланған.

— Қазір олар мамандардың бақылауында. Жыртқыштарды жабайы табиғатқа шығару олардың жаңа ортаға бейімделуі мен өздігінен тіршілік етуге дайындығына байланысты болады, — деді ол.

Осылайша, жоспар жүзеге асса, келесі жылы «Іле-Балқаш» резерватының табиғи ортасында төрт жолбарыс тіршілік етеді.

2033 жылға дейін табиғатқа қанша жолбарыс жіберіледі

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2033 жылға дейін Қазақстанның жабайы табиғатына кемінде 10 жолбарыс жіберу жоспарланған.

Жоба өкілдерінің түсіндіруінше, олардың саны жануарлардың жаңа ортаға бейімделуіне, табиғи жолмен көбеюіне және басқа да жағдайларға байланысты болады.

— Ал жолбарыстардың адамның көмегінсіз көбейіп, тұрақты популяция қалыптастыруы үшін 50 данасы қажет. Бұл Қазақстанға міндетті түрде 50 жолбарыс сырттан әкелінеді деген сөз емес. Бағдарламаның түпкі мақсаты — жыртқыштардың табиғи ортада өздігінен көбейіп, санын арттыруына жағдай жасау, — деді министр Әлібек Қуантыров.

Қазақстанға оралған жолбарыстар табиғатқа қалай бейімделіп жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазір Қазақстанда екі жолбарыс жабайы табиғатта тіршілік етіп жатыр. Алдағы жылдары олардың жаңа ортаға бейімделуі мен табиғи көбею мүмкіндігі бақылауда болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылы жолбарыс бейнеленген банк картасын шығару жоспарланғаны хабарланды.