Қазақстанға пиғылы теріс ресейліктердің тізімі бар
Қазақстанға пиғылы теріс ресейліктердің тізімі бар. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствода өткен брифингте БАҚ өкілдері Айбек Смадияровтан «Миллиондаған аудиториясы бар танымал ресейлік эндокринолог Ресей Қазақстанға шабуылдауға мәжбүр деген пікір білдірді. Сыртқы істер министрлігі мұндай видеоларды зерделей ме? Ол персона нон грата тізіміне қосыла ма?» деп сұраған еді.
«Миллиондаған аудиториясы бар эндокринолог дәрігерге менен дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Ол қажетсіз дүниелерді айтудың орнынан мамандығымен айналысып, адамдарды емдегені жөн. Ресеймен қарым-қатынасымыз өте жақсы, тату көршіміз. Дос, стратегиялық серіктестмемлекеттер ретінде жұмыс істейміз», - деп жауап берді Айбек Смадияров.
Сонымен қатар журналистер Қазақстан жайлы теріс пиғылды пікір білдіретін адамдардың тізіміне қатысты сұрақ қойған болатын.
«Әрине, біз мұндай тізім жүргіземіз. Бірақ, ол жұмыс тізімі және оны жария етпейміз. Санын да айта алмаймын. Мұндай адамдарға шекара жабылады, елімізге кіре алмайды», - деді СІМ ресми өкілі.