Қазақстанға тоғыз айда Корея Республикасынан 50 мыңнан астам турист келген
АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Nordic Condor Korea компаниясының бас директоры Су Сан Пильмен кездесті. Тараптар Қазақстанның туристік әлеуетін Оңтүстік Кореяда кеңінен таныту, елімізге келетін туристер санын арттыру және Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашу мүмкіндігін талқылады.
Кездесу барысында Nordic Condor Korea компаниясының басшысы Қазақстанмен туристік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Бұған дейін негізінен Еуропа елдеріне туристік сапарлар ұйымдастырған компания нарықты зерттеп, Қазақстанды кореялық саяхатшылар үшін жаңа туристік бағыт ретінде танытуды көздеп отыр. Осы мақсатта компания басшысы Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашуды ұсынды.
Ербол Мырзабосынов Корея Республикасының Қазақстан үшін маңызды туристік нарықтардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ еліміз кореялық саяхатшыларға көркем табиғатын, тарихи-мәдени мұраларын, Алматы мен Астананың көрікті жерлерін, сондай-ақ тау туризмінің мүмкіндіктерін ұсына алатынын жеткізді.
– Біздің мақсатымыз – Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныту, кореялық туроператорлармен байланысты нығайту және елімізге келетін туристер санын арттыру. Сондықтан Nordic Condor Korea компаниясымен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді министр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға Корея Республикасының 50,9 мың азаматы келген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 50 292 адамға жеткен.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын, өкілдіктің жұмыс тәртібі мен қаржыландыру шарттарын бірлесіп пысықтауға уағдаласты. Жоба жүзеге асқан жағдайда өкілдікті ашуға және оның күнделікті қызметіне бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет болмайды.
Айта кетейік, Nordic Condor Korea – халықаралық туризм нарығында көпжылдық тәжірибесі бар кореялық компания. Бұған дейін негізінен Еуропа елдеріне туристік сапарлар ұйымдастырған компания енді Қазақстанды кореялық саяхатшылар үшін жаңа туристік бағыт ретінде дамытуға ниетті.
Оңтүстік Кореяға келген шетелдік туристер саны рекордтық деңгейге жеткенін жазған едік.