Қазақстанға туристер көбіне қай елдерден келіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Шетелден келетін туристердің көбісі 30-50 жас аралығында. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов мәлім етті.

туризм
Фото: pexels

- Туристік сала үшін шетелдік туристің портреті туралы ақпараттың болуы маңызды. Бұл бизнес пен өңірлердің дәлірек және тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі. Осы мәселеде біз E-qonaq жүйесінің деректерін басшылыққа аламыз. Оған қарағанда, шетелден келетіндердің көбісі 30-50 жас аралығында. Жалпы, туристер ішінде ер адамдар басым (71%), - деді Н. Байжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәсихатында.

Оның айтуынша, шетелдіктердің көбі Ресейден (40%), Өзбекстаннан (22%), Қытайдан (22%), Үндістаннан (5%), Германиядан (3,6%), Оңтүстік Кореядан (2,6%) және араб елдерінен келеді.

- Былтыр Қазақстан 14 халықаралық туристік көрмеде стенд ұсынды. Үш көрмеге Kazakh Tourism, қалғандарына Алматы, Астана қалалары, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Ақмола облыстары қатысты. Барлық өңірлер Kazakh Tourism-мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Ал биыл 12 халықаралық туристік көрмеге қатысу жоспарланған, - деді комитет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылы Қазақстанға турист ретінде 15,7 млн шетелдік келді.

 

Соңғы жаңалықтар