Қазақстанға Ұлттық рейтинг агенттігі керек пе
Елімізде Ұлттық рейтинг агенттігі құрылуға жақын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі консультативтік құжат жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Жергілікті рейтинг агенттігін дамытып, оларды реттеу мен қадағалау ісі Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында көзделген екен. Осы орайда Kazinform тілшісі рейтинг агенттігі неге қажет екенін, ол қандай функцияларды атқаратынын талдап көрді.

Ең алдымен айта кетер жайт, елімізде ұлттық рейтинг агенттігі жоқ. Соның әсерінен ресурстарды бөлудегі, экономиканы қаржыландырудағы қаржы нарықтарының тиімділігі шектелді. Ал «Ұлттық рейтингтік агенттік туралы» заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әзірленгенге ұқсайды.
Компаниялардың көбінде рейтинг жоқ
Мұндай агенттіктер борышкерлердің қарызды өтеу мүмкіндігін көрсетіп, несие рейтингтерін ұсынып отыратын ұйым ретінде саналады. Агенттік сондай-ақ алпауыт компаниялардың борыштық міндеттерін, бағалы қағаздары мен басқа да эмитенттердің (құнды қағаз шығарушы кәсіпорындар) несиелік қабілетін бағалайды.
Қазір халықаралық рейтинг агенттіктерінің қызметі біршама қымбат, төленген қаражат шетелге кетеді. Олардың талабына сай болып, лайықты рейтингті ұстап тұру ісі де тағы шығын. Ал бұл тұста отандық биржада құнды қағаздарын сататындар ешқандай рейтинг алмай-ақ, тікелей саудаға шыға беретін көрінеді.
Әлемдегі үш алпауыт – Moody’s, S&P, Fitch халықаралық рейтинг агенттіктерінің дерегіне сенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның қор биржасында саудаланатын корпоративтік облигациялар эмитенттерінің кредиттік рейтингтермен қамтылуы небары 46 пайызды құраған. Яғни, жартысына да жетпейді. Құнды қағаздарын, облигацияларын шығарып, сататын эмитенттердің ішінде еліміздің 14 банкі мен 20 мемлекеттік компаниясы ғана халықаралық рейтингтермен 100 пайыз қамтылыпты. Биржадағы 18 микроқаржы ұйымының алтауында ғана (33 пайыз), қаржылық емес 42 компанияның да бар-жоғы алтауында (14 пайыз) рейтинг бар.
Міне, әр компанияның рейтинг алып, ахуалын бағамдап отыру үшін Ұлттық рейтинг агенттігін құруға қажеттілік туындағаны айшықталып тұр. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жобаның тұжырымдамасы талқыланып болғаннан кейін нарықтың басқа да қатысушыларының пікірлері тыңдалмақ. Айтылған ұсыныстар ескеріле отырып, рейтинг агенттігінің қызметін реттейтін заң қабылданады. Заңның Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық комиссиялар ұйымының (IOSCO) несиелік рейтинг агенттіктеріне арналған ұсыныстарына сәйкес келетіні атап өтілді. Тұжырымдама авторлары халықаралық стандарттарға негізделген реттеуді дамыту объективтілік, тәуелсіздік және кәсібилік пен жоғары сапалы қызметті қамтамасыз етеді деп сендіруде.

Бюджетке келетін болсақ, Kazinform тілшісінің сауалына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері қазақстандық рейтинг агенттігін құру үшін қаражат керек емесін айтты. Рейтинг агенттігіне қаржы ұйымдары, мемлекеттік даму институттары, несиелік бюролар мен қор биржалары сияқты қаржы нарығының инфрақұрылымдық ұжымдары қатысады. Олардың бәрі рейтинг агенттігінің капиталын құрайды. Бұл ретте рейтинг агенттігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір акционердің үлесі 10 пайыздан аспайтыны айтылды.
Рейтинг агенттіктері болмаған уақытта не істедік?
2009-2010 жылдардың шамасына дейін елімізде ұлттық рейтинг агенттіктері болмады. Ал 2010-2015 жылдар аралығында бірнеше рет рейтинг агенттіктері ашылды.
– Құнды қағаз шығарушыларға қойылатын біліктілік талаптары бойынша, Қазақстан қор биржасы рейтинг агенттігінің функцияларын атқаратындай құрылған. Бірақ дефолттан кейін биржа көп нәрсеге төтеп бере алмады. Содан соң малайзиялықтардың, Expert RA Kazakhstan рейтинг агенттігі мен KZ рейтингінің қатысуымен «Алматы өңірлік қаржы орталығы» рейтинг агенттігі құрылды, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сарапшысы Әділ Мамажанов.

Алайда рейтинг агенттіктері ұзақ жұмыс істей алмады. 2015 жылы Қазақстанда зейнетақы реформасы жүргізіліп, корпоративтік облигацияларды сатып алуға мораторий енгізілгенге дейін-ақ шыдас бермеді. Әділ Мамажановтың айтуынша, аталған реформадан кейін бағалы қағаздар нарығы шығынға ұшыраған.
– Бағалы қағаздар нарығы мен корпоративтік облигациялар нарығы құлады десек болады. Ұлттық рейтинг агенттігінің қызметіне сұраныс төмендеп, ақыры агенттіктер бірінен соң бірі жабылды. Содан бері елімізде бағалы қағаздар нарығының дамуы көңіл көншітпейді, – деп түйіндеді маман.
Ұлттық рейтинг қажет болмауы да мүмкін
Ұлттық рейтинг агенттігін құру бастамасын барлық сарапшылар құптап отырған жоқ. Экономист, Ұлттық банк төрағасының бұрынғы кеңесшісі Айдархан Құсайынов Қазақстанда қор нарығы нашар дамығанын, оның әсері әлеуетті рейтинг агенттігіне де кері ықпал ететінін айтады.
– Мәселе мынада, бізде үлкен инвестициялық нарықтағы компаниялар жоқ. Рейтинг агенттігі көптеген бағалы компаниялар болған кезде ғана жақсы жұмыс істейді. Рейтинг ірі клиенттердің қайда инвестиция құю керегін түсіну үшін жасалады. Яғни, әрбір компанияны тексерудің қажеті жоқ, – деп түсіндірді сарапшы.

Айдархан Құсайыновтың айтуынша, қазақстандық қор нарығында компания аз, сондықтан ұлттық рейтинг ашудың керегі шамалы. Теориялық тұрғыдан заң қабылдап, барлық компанияларды рейтингтік сертификаттаудан өтуге, ал инвесторларды тек рейтингтік компанияларға инвестиция құюға міндеттеуге болады. Бірақ мұндай бастама Қазақстан нарығында болмайтын тәрізді.
– Бұл заң барлық ұлттық эмитенттерден ұлттық рейтингке қосылуды талап етеді. Ол үшін компаниялар белгілі бір мөлшерде қаржы төлейді, яғни, салықтың бір түрі іспетті. Экономикалық тұрғыдан алғанда ұлттық эмитенттердің саны тым аз. 1-2 жылдан соң кейбір компаниялар «бізде халықаралық рейтинг болса, қазақстандық рейтинг не үшін керек» деп сауалды төтесінен қояды, – дейді экономист.
Сарапшы халықаралық инвесторларға ұлттық рейтингке кіру мүлде қажет болмайтынына сенімді. Олар үшін S&P, Moody's сияқты халықаралық рейтинг агенттіктеріне ену тиімдірек. Ұлттық рейтинг компаниялар үшін ілгерілеуге еш жол ашпауы мүмкін. Экономистің айтуынша, нарыққа келген кез келген кәсіби инвестор бұл агенттікке сенеді, алайда рейтингке сенім артқаннан гөрі эмитенттерге өздері талдау жасаған оңайырақ.
Ал кезіндегі Expert RA Kazakhstan рейтинг агенттігі бас директорының орынбасары болған Арман Жахин болса, қаржы нарығы жергілікті рейтинг агенттігінің қатысуынан ғана пайда болатынын алға тартады.

– Біріншіден, жергілікті агенттік қызметтері әлемде «үлкен үштік» саналатын рейтинг агенттіктерінің қызметтерімен салыстырғанда қолжетімді. Соның арқасында шағын компаниялар рейтингке енуге мүмкіндік алады. Екіншіден, рейтингтік қызметке облигациялар эмитенттері ғана емес, сақтандыру, бағалы қағаздар, лизингпен айналысатын компаниялар да белсене қатысады. Үшіншіден, нарыққа қатысушылар рейтинг агенттігінен қосымша тәуелсіз аналитика алады. Бұл саладағы мәселелерді анықтауға және оларды шешуге, реттеуге, жағдайды жақсартуға ықпал етеді, – деді маман.
Оның ойынша, аталған факторлар қаржы нарығының ашықтығын қамтамасыз етіп, саладағы тәуекел деңгейін азайтуға септеседі. Ұсынылған тұжырымдаманың ең маңызды бөлігі – халықаралық IOSCO стандарттарына сәйкес келуі.
– Дегенмен заң бір ғана ұйымға – ұлттық рейтинг агенттігіне бағытталған. Бір жағынан қазақстандық нарық тым тар, сондықтан халықаралық, басқа елдердің ұлттық рейтинг агенттіктеріне деген көзқарас болған жөн. Меніңше, әртүрлі ведомстволар мен нарықты реттеу тәсілдерін құжатқа енгізген абзал, – деп түсіндірді сарапшы.
Жалпы, Арман Жахин халықаралық, шетелдік және ұлттық рейтинг агенттіктеріне қатысты қолданыстағы заңнамалық нормаларды бір құжатқа біріктіру қажет екенін алға тартып отыр.
Шетел тәжірибесін мысалға алсақ...
Әлемнің түрлі елдерінде ұлттық рейтинг агенттіктерін құру мысалы жиі кездеседі. Түгелі дерлік ең алдымен капитал нарығын дамытуға бағытталған. Қазір дүние жүзінде 200-ге жуық жергілікті немесе аймақтық рейтинг агенттігі бар. Ең сәтті құрылғандары Азия елдерінде, оның ішінде Оңтүстік Корея, Жапония мен Малайзия елі ілгері басқан.
Жапонияда бірінші ұлттық рейтинг агенттігі (Japan Credit Rating Agency) 1980 жылдардың аяғында, экономикалық дағдарыс шарықтау шегіне жетіп, үкімет қаржы нарығының инфрақұрылымын дамыту жөнінде бастама көтерген кезеңде құрылды.
Ал Малайзияда бірінші ұлттық рейтинг агенттігін құру туралы шешім 1991 жылы қабылданды. 5 жылдан кейін екінші рейтинг агенттігі – MARC құрылды. 90-жылдардың басынан бастап Малайзия өзінің қаржы жүйесі мен облигациялар нарығын дамытуда көптеген жетістікке қол жеткізді. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, аталған елдің осындай оң үдерісінде ұлттық рейтинг агенттіктері басты рөлдердің бірін атқарған. Малайзия тәжірибесінің жетістігі Халықаралық валюта қорының Қаржылық даму индексінде де анық көрінеді. Аталған елдің қаржы жүйесі 2010 жылға қарай жетілген деңгейге өтіп, 2017 жылдан бастап мемлекеттік облигациялары жетекші халықаралық облигациялар индекстеріне енгізілген.
Бұл тұста ТМД елдерінде ең дамыған рейтинг агенттіктері Ресейде құрылғанын айта кетейік. 2015 жылы Ресейде «РФ-дағы несиелік рейтинг агенттіктерінің қызметі туралы» заң қабылданды. Қазір көрші елде 4 рейтинг агенттігі жұмыс істеп жатыр, олардың екеуі ірі (ACRA және Expert RA) саналады. Әрқайсысында 100-ден астам адам еңбек етеді, клиенттер саны 400-ден асқан.
ScienceDirect мәліметі бойынша, ұлттық рейтинг агенттіктері қаржы нарығы аз дамыған елдерде маңызды экономикалық рөл атқара алады.
– Қазақстанның ұлттық рейтинг агенттігін құру мен дамыту жобасы тек Қазақстан мен ЕАЭО шеңберінде ғана емес, бәсекеге қабілетті болатындай етіп жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, болашақта кең географиялық ауқымды алуы қажет. Осы мақсатта Агенттік ұлттық рейтинг агенттіктерін дамытудың өңірлік және халықаралық тәжірибесін зерделеу бойынша елеулі жұмыстар атқарды. Оның нәтижелері ұлттық рейтинг агенттігі мен нормативтік-құқықтық ортаны құру тұжырымдамасына негіз болды, – деп мәлімдеген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Халықаралық тәжірибеге қарасақ, көп жағдайда жергілікті несиелік рейтинг агенттігін құру экономиканы қаржыландыру арнасы ретінде жергілікті корпоративтік облигациялар нарығын дамытуға оң әсерін тигізеді. Өз кезегінде корпоративтік облигациялар нарығының дамуы экономиканың да өсуіне ықпал етпек. Өйткені аталған әдіс арқылы кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржымен қамтуға мүмкіндік туады.
Агенттік нақты қашан ашылады?
Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұлттық рейтинг құрудың заңнамалық негіздерін қалыптастыру мәселесімен айналысуда. Заң жобасы Парламент қарауына осы жылдың аяғында немесе 2025 жылдың басында ұсынылмақ. Айтпақшы, былтыр рейтинг агенттіктерін танудың жаңа тетігі енгізіліп, оларды реттеуге қатысты біліктілік талаптары әзірленген болатын.
– Осы күні рейтинг агенттіктерінің қызметі заңмен реттелмеген. Тиісті заңнаманы әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде заңнамаға ілеспе түзетулер енгізу, сондай-ақ заңға тәуелді актілерді әзірлеу жайы қарастырылады, – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері.
Сонымен қатар, ведомство қазір мойындалған халықаралық рейтинг агенттіктерінің тізімін құрып жатыр. Бұған қарап тұжырымдама нарық сұранысына сай қайта қаралып, ұлттық және шетелдік рейтингтерді пайдалану үшін тең мүмкіндік пен жағдай жасалуы мүмкін екенін аңғарамыз.
Жалпы, қажетті заңнаманы қалыптастыру, сондай-ақ рейтинг агенттігін құру капитал нарығын одан әрі дамытуға бағытталған. Рейтинг арқылы инвесторлар бағалы қағаз шығарушылардың тәуекелдері жөнінде нақты әрі түсінікті ақпаратқа қанық болады. Сондықтан отандық рейтинг агенттігін құру тәуелсіз бағалау және корпоративтік басқару саласындағы ұлттық құзыреттерді дамытуға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, ұлттық рейтинг агенттігін құру облигациялар нарығына серпін беретінін байқауға болады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай агенттіктердің пайда болуы капиталдардың орта есеппен 55 пайызға ұлғаюына көмегін тигізбек.