Қазақстанға заңсыз келген 1000 шетелдік ел аумағынан шығарылды -ҚР ІІМ
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ҚР ІІМ заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға және заңсыз мигранттарды анықтауға бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды.
Үш күн ішінде полицияның ұтқыр тобы елімізге келу тәртібін бұзған 7 мың шетелдікті анықтап, әкмішілік жауапкершілікке тартты.
Сот шешімі бойынша 1000 шетелдік елден шығарылып, 700 адам арнайы орындарға жеткізілді.
Шетелдік жұмыс күштерін тарту және пайдалану ережесін бұзған 269 жұмыс беруші жауапқа тартылды.
«Көші-қон, кримниналдық және әкімшілік полиция қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде көші-қон заңын бұзғаны үшін сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне 78 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді», деп атап өтті ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
Оның сөзінше, іздеуде жүрген 14 қылмыскер ұсталды, оның 4-уі ТМД азаматы.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 3 мыңнан астам шетелдіктің елімізде уақытша болу мерзімі қысқартылды.