Қазақстанға жеткізілетін импорттық құс еттерінің басым бөлігінің сапасы сын көтермейді - Г. Исаева

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанға шет елдерден жеткізілетін импорттық құс еттерінің басым бөлігінің сапасы сын көтермейді, яғни Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына жауап бере алмайды. Бұл туралы бүгін Алматыда Құс өсірушілердің төртінші Қазақстандық халықаралық форумы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.
None
None

«Таяуда біз әр өңірде супермаркеттер мен базарларда арнайы рейд жүргіздік. Сонда шет елдерден жеткізілген құс еттерінің сапасы талаптарға сай еместігіне көз жеткіздік. Неге дейсіз ғой? Олар «инжектірленген», яғни сумен, фосфаттармен толықтырылған өнімдер. Бұл қоспалар, әрине, құс етін сырттай жылтыратып, көзге тартымды етіп көрсетеді. Ал шын мәнісінде бұл тұтынушыларды көрер көзге алдап соғу. Өйткені, тұтынушы құр босқа құс еті бағасының 25-30 пайызын ондағы мұздатылған су мен фосфаттар үшін төлеп отыр», - деді Г. Исаева.

Ол сонымен қатар, қазіргі таңда тұтынушылардың құқығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қуатты сынақ зертханалары салынып жатқандығын айтты.

«Қазір техникалық регламенттің талаптары қатайтылды. Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қуатты сынақ зертханалары салынып жатыр. Бұл барлық мал шаруашылығы өнімдерін, солардың ішінде, әсіресе, құс еті өнімдерінің қауіпсіздік көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Онда құс етінің ылғалдылығы қандай болу керектігі нақты көрсетілген. Осылайша сапасыз шет елдік тауарлардың Қазақстанға жеткізілуіне тосқауыл қойылады, сәйкесінше әділ бәсекелестікке негіз жасалады», - деді Г. Исаева.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі осы тұрғыда Қазақстандағы құс фабрикалары өнімдерінің сапасы шет елдік өнімдерге қарағанда өте жоғары екендігін айтты.

«Отандық өндірушілер тұтынушыларды алдамайды. Өйткені, құс фабрикаларын несиемен қамтамасыз етер алдында біз оларға шарт қоямыз. Яғни, құс фабрикалары өз өнімдерінің басым бөлігін мұздатылған емес, салқындатылған күйде шығаруға міндетті. Өйткені құс етін салқындатылған, балбыраған күйінде тұтыну қажет. Ал мұздатылған еттегі белоктар бұзылып кетеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз - отандық тұтынушылардың сапалы өнімдерге қол жеткізулеріне мүмкіндік жасау», - деді Г. Исаева.

Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан Құс өсірушілердің төртінші Қазақстандық халықаралық форумы өз жұмысын аяқтады.

Соңғы жаңалықтар