Қазақстан–Қырғызстан шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі кезекте тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысындағы «Қарасу» автомобиль өткізу бекетінде Қырғызстанға қарай бағыт алған 400-ге жуық жүк көлігі кезекте тұр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, көлік ағынының көбеюі уақытша, ал бұған бірнеше фактор себеп болған.

жүк көлігі
Фото: Haqqin.az

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шекарада көлік кезегінің пайда болуына халықаралық жүк тасымалы көлемінің маусымдық артуы, сондай-ақ Қырғызстан аумағында жүк көліктерінің қозғалысына ауа райына байланысты енгізілген шектеулер әсер еткен.

Қазір ведомство мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жағдайды тұрақтандыру және өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр.

— Өткізу бекетінің жұмысы күшейтілді. Ішкі істер органдарымен бірлесіп көлік ағынын реттеу және оның бір бөлігін жақын маңдағы өткізу бекеттеріне қайта бағыттау ұйымдастырылды. Жағдайды жедел бағалау және қабылданатын шараларды келісу үшін Қырғыз Республикасының құзырлы органдарымен тұрақты байланыс орнатылған, — деп хабарлады ведомство.

Тасымалдаушылар мен жүргізушілерге өткізу бекетіндегі жағдай және балама бағыттар туралы жедел ақпарат беріліп жатыр.

— Тасымалдаушылар мен жүргізушілерге ақпарат беру үшін мессенджерлерде жұмыс істейтін арна бар. Онда өткізу бекеттеріндегі жағдай және ықтимал балама бағыттар туралы өзекті ақпарат жарияланады. Сонымен қатар өткізу бекетіне дейін жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, — деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылардан маршруттарды жоспарлау кезінде қазіргі жағдайды ескеруді сұрады.

Еске салайық, бұған дейін қазақ-өзбек шекарасындағы 40 шақырымдық кезек пайда болғаны туралы жазғанбыз.