Қазақстаннан 120 мың литрден астам жанар-жағармайды заңсыз шығармақ болған

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Қазақстанның Ресей және Қырғызстанмен шекарасында 123,9 мың литр болатын мұнай өнімін елден әкетуге жасалған 1032 әрекет тоқтатылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды. 

Қазақстаннан 120 мың литрден астам жанар-жағармайды заңсыз шығармақ болған
Фото: ҚР ТЖМ

Былтыр еліміздің Ресей Федерациясымен шекарасында 115, 3 мың литрге мұнай өнімдерін әкетудің 954 фактісі, ал Қырғызстанмен шекарада 8,6 мың литр мұнай өнімдерін әкетпек болған 78 фактінің жолы кесілді.

Қазір мұнай өнімдерін (1 ақпаннан бастап автокөлік және темір жолмен), қара және түсті металдардың (көліктің барлық түрімен), ағаш материалдарының (көліктің барлық түрімен), болат дайындамалардың (құймалардағы немесе басқа да бастапқы нысандардағы темір мен легирленбеген болат) (көліктің барлық түрімен), сұйытылған қалдықтарын (көліктің барлық түрімен), мұнай газы мен аналық мал басын (автокөлік және темір жолмен) Қазақстаннан шығаруға тыйым салынды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша, елімізден жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеттері негізінен Қазақстанның Ресеймен және Қырғызстанмен шекаралас аймақтарында жолы кесілді. Жүргізушілер көрші елдерге біздің арзан бензин мен дизельді қос цистерналарға шығаруға тырысады, ал жеңіл көліктер елге бір күнде бірнеше рет кіріп-шығады.

- Ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмыс істейтіні туралы ақпарат болды, бәрі ұйымдастырылған. Елден әкету ағыны тоқтар емес, жалпы мәселе бұрыннан бар. Жанар-жағармай бағасының қатаң реттелуіне байланысты мемлекет «сұр» импортқа тап болды. Себебі бірыңғай экономикалық одақ аясында кедендік шекара жоқ, - деді «PetroCouncil» Қазақстан мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жақиев.

Оның айтуынша, Қазақстанның бірыңғай отын одағына кіруі жанар-жағармай бағасын автоматты түрде арттыруға мүмкіндік береді. Содан кейін бензиннің құны ресейлік бағамен салыстырылады. Бұл өз кезегінде көрші елдер тұрғындарынан біздің арзан жанар-жағармайға сұранысты жояды және заңсыз әкетуді тоқтатады.

Сонымен қатар, сарапшының мәлімдеуінше, жанар-жағармай бағасының өсуі халық қалтасына әсер етпеуі үшін әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың кірісін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) арқылы индекстеу керек.

- Жанар-жағармай бағасының көтерілуі базалық өнімдердің құнына әсер етеді. Бұл домино эффектісі. Сондықтан жиынтық санау, индекстеу, табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындарға ай сайынғы төлемдер жасау қажет, бұл атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар. Егер төлем жанармай құю бекеттерінде өтелсе, сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар, сондықтан индекстеу қажет, - дейді ол.

Мұнай талдаушысы Асқар Исмаилов Қазақстаннан жанар-жағармай заңсыз ағыны жаһандық ауқымда елдегі отын тапшылығына елеусіз әсер етеді деп есептейді. Егер мұнай өңдеу көлемімен салыстыратын болсақ, «сұр» экспорттың көлемі маңызды емес.

Сарапшы мұнай өнеркәсібіндегі инвестицияның жетіспеушілігіне назар аударды.

- Нарықтағы жағдайдың өзі инвестиция жетіспеуінен қалыптасты. Қазақстандық ірі мұнай өңдеу зауыттары әдеттегі жеткізушілері әлемдік мұнаймен салыстырғанда төмендетілген мұнай құны бойынша жұмыс істейді. Егер қазір шартты түрде мұнай баррелі 75-80 доллар аралығында сатылса, аталған компаниялар 20-25 доллардан сатып алады, яғни екі есе төмен. Себебі оларда жобалау экономикасы өте төмен және маржа салаға инвестиция салуға мүмкіндік бермейді. Бұл белгілі бір уақытта мұнай өңдеу зауыты үшін арзан мұнай болмауына әкелуі мүмкін, өйткені біздің ірі ойыншыларымыз бәрін экспорттайды, - деп толықтырды Асқар Исмаилов.

Одан бөлек, маман еліміздегі жанар-жағармай бағасын басқа елдермен салыстыруды құптамайды. Өйткені, халықтың табысы мен күнкөріс деңгейі әр елде әртүрлі.

Айта кетейік, бүгінде ТМД елдері арасында ең арзан бензин бағасы Түркіменстан мен Қазақстанда, ал қымбат баға Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге тиесілі.

Айта кетейік, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев БАҚ өкілдермен өткен баспасөз мәслихатында елден теміржол арқылы жанармай шығаруға неге тыйым салынғанын түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар