Қазақстаннан 50-ге жуық оқушы АҚШ-та өтетін дүниежүзілік робототехника чемпионатына барады
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST дүниежүзілік чемпионатында ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғайды. Олар – жеңімпаз атанған 4 команданың мүшелері. Сондай-ақ, тағы 9 команда Австралия, Марокко, АҚШ, Индияда өтетін халықаралық ашық чемпионаттарға жолдама алды.
«Робототехника жарысы үш жас санатында өтті. Кішкентай балалар санаты бойынша Алматы қаласының оқушыларынан құралған Adeptus Mechanicus тобы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін басты жарысқа жолдама жеңіп алды. Ортаңғы санатта басты жүлдені алматылық «Play 4 Energy» тобы иеленді. Ал, 12-18 жас санатындағы басты жүлдегерлер – алматылық AENTA және NIS Kyran топтары. Үш күнге созылған сайыс тартысты өтті. Жыл сайын робототехникамен айналысатын балалардың қатарының артқаны қуантады», - дейді USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов.
Айта кетейік, «Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP-2023» робототехникадан чемпионат Астана қаласында 24-26 ақпанда өткен болатын. Оған еліміздің әр аймағынан 1 200 оқушы қатысты. Биылғы жарыс энергия тақырыбына арналды.