Қазақстаннан Әзербайжанға туристік ағым 20%-ға артты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық туристердің Әзербайжанға келуі өткен жылмен салыстырғанда 20,6%-ға өсті. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша 7-орынды иеленіп, елге келген жалпы туристердің 4%-ын қамтамасыз етті. Мұндай деректерді Әзербайжанның Мемлекеттік статистика комитеті жариялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Мәліметке сүйенсек, 2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында Әзербайжанға әлемнің 182 елінен 1 миллион 477,9 мың шетелдік келген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға аз.
Қазақстан азаматтарының қызығушылығы айқын өсіп отыр. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 20,6%-ға көбейген. Бұл ТМД елдері ішінде ең жоғары өсімдердің бірі.
Әзербайжанға ең көп келген елдер қатарында Ресей, Түркия, Үндістан, Иран, Сауд Арабиясы және Грузия бар. Сонымен қатар, туристер саны Тәжікстаннан, Израильден, Қытайдан, Жапониядан, Қырғызстаннан, Иорданиядан және Өзбекстаннан да артқан.
Көбіне туристер ұшақпен жеткен — олардың үлесі 75,5%. Теміржол және автокөлік арқылы келгендер 23,1%, ал теңіз жолын таңдағандар 1,4% болды.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстаннан Әзербайжанға туризмнің өсуі екі ел арасындағы саяси диалогтың нығаюымен, мәдени жақындықпен және іскерлік байланыстардың артуымен байланысты. Тікелей әуе рейстері, жеңілдетілген визалық режим және тарихи-тілдік ұқсастық сапарларды одан сайын ыңғайлы әрі тартымды етеді.
Әзербайжан қазақстандықтар үшін демалыс, медициналық туризм және бизнес іс-шараларға барған сайын танымал бағытқа айналып келеді. Баку, Гәнжа, Шеки, Лянкяран сынды қалалар табиғатымен, сәулетімен және заманауи инфрақұрылымымен қызықтырады.
Ал Әзербайжан азаматтарының шетелге шығу көрсеткіші сәл төмендеген. Туристердің 40,6%-ы Түркияны, 15,7%-ы Ресейді, 11,2%-ы Грузияны, ал 8,9%-ы Иранды таңдаған. Грузияға сапарлар саны бір жылда 26%-ға өсті. Қалған 23,6% үлеске Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдері тиесілі.
Бұған дейін жарты жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстаннан келген 68 мыңнан астам туристің Әзербайжанды таңдағаны хабарланған болатын.